bannersa207 bannersa208

 

Қонақпын сөз алуға қақылымын,

Қашанда өнерлінің жақынымын.

Қас-қағым сүңгуірді іліп түсер,

Ұлытаудың қаршыға ақынымын өзін қаршығаға теңеп, Жамбылға асқақ сөйлеген, киелі поэзия әлемінде өзіндік үнімен танылған, суырып салма айтыскер ақын, есімі аймағымызға танымал  дарынды ақын  Омар Қунақұлының туғанына 125 жыл толып отыр.

    Ақын болып қалыптасуы тектілігінде, Омардың түп атасы-Қоқан  хандығы жайлы иісі қазақққа мәлім әйгілі жырдың авторы Жанкісі Өтемісұлы, ақындық өнері нағашы жұртынан да дарыған, анасы Тоқбала суырып-салма ақындығымен белгілі болған.

     Болашақ ақын Бағаналының төбе биі болған Өтжан Күржіұлының тағлым-тәрбиесін көрген. Омар Қунақұлы Сарыарқаның дүлдүлі, Ұлытаудың бұлбұлы, Қарсақпайдың ақыны Тайжанды  ұстаз тұтып, оның есімін аузынан тастамай өтті.    Омар Қунақұлы даңқты ақындар Жамбыл Жабаевпен, Шораяқтың Омарымен, Кенен Әзербаевпен, Нартай Бекежановпен жүздескен, сыйлас болған. Бұлар- аты жалпақ жұртқа жайылған, ұстаз болып шәкірт ерткен, айналасына ықпалы зор болған айтулы тұлғалар еді.  Осы ардақты ақындарды Омар ақын шын ықыласымен тыңдаған, өнерін бағалаған, аттарын жырына қосқан.     

      Омар ақын өзі тұстас, деңгейлес, от ауызды, орақ тілді, төкпе ақындардың біразымен айтысқа түскен. Кезінде жыр жампозы Жамбыл бабамыздың өзімен сөз сайысына түсіп Омар Қунақұлы абыз ақыннан  бата алған жан еді.

       С.Сейфуллин кітапханасында Халық ақыны Омар Қунақұлының 125  жылдығына орай «Ұлытаудың қаршыға ақыны» атты еске алу кеш ұйымдастырылды..

    Омар ақынның өнегелі өмір жолын,  әдеби мұрасын жас ұрпаққа дәріптеу, оқырмандарды жырларымен сусындату мақсатымен ұйымдастырылған еске алу кешіне  Омар ақынның қыздары Айман, Алтын, ақынның күйеу баласы Тоғай Дауылбайұлы, ұрпақтары, қаланың зиялы қауымы: ақын-жазушылар, тілшілер, кітапхана оқырмандары қатысты.

    Кештің ашылуында Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Аханов  сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

    КешкеЖезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы  Нұрлыбаева Салтанат Сүлейменқызы, жазушы, драматург, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Қаражігітов Аппаз Қаражігітұлы, Жезқазған қаласының, Ұлытау ауданының Құрметті азаматы,  Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Қожамсейітов Сағындық  Үсенұлы, ақын, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Мырзабеков Батырбек Тыныштықбайүлы, «Сарыарқа» газетінің редакторы Асантегі Төлеш Сүлейменұлы, ақын, Жезқазған қалалық мұрағатының директоры Байжантаев Бағдат Тілеуліұл құрметті қонақ ретінде қатысып, жиналған көпшілік қауымға  дара тұлға Омар Қунақұлының шығармашылығы, әдеби мұрасы  жайлы ойларын ортаға салды. 

    Ақынның көзін көрген, бүгінде 90- биігіне шыққан Омар ақынның күйеу баласы Тоғай Дауылбайүлы дарынды тұлғаның өмір жолы жайлы естеліктерімен бөлісті.

    Ақын, филология ғылымдарының кандидаты, «Тілтану» әдістемелік орталығының директоры Ештанаев Ғазиз Елеусізбайұлы Омар ақынның шығармашылығының Орталық Қазақстандағы халық ақындар шығармашылығымен үндестігі,  жыр алыбы Жамбылмен шабыттана айтысқан Омар ақынның  болашақ айтыскер  ақын болып  қалыптасуына тигізген әсері  жайлы айтып берді.

   Кешке сонымен қатар, Т.Әубәкіров атындағы балалар мен жасөспірімдер сарайының оқушылары Урманов Алғыс, Қайрақты Демеу «Омар  мен Жамбыл айтысынан» үзіндіні кеш қонақтарына ұсынды. 

    Кітапхананың тұрақты оқырмандары Қалыбаев Мырзағали«Ажарым-әнім», Әбдіғали Аягөз «Колхоз құрылғандағы беташар арнау»,Мусин Мухаметрасул«Өсиет арнау», Тасқараева Балжан«Ғылымда сенсің нар тұлға», Жанша Меруерт «Қанышпен кездескенде...» атты Омар ақынның жалынды өлеңдерін көрермендерге тарту етті.  

   Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармониясының  әншісі  Ғалым МұхамединТайжан ақынның«Ұлытау»өлеңін айтса,  Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, күйші Жалғас Сәдуақасов Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйін күмбірлете орындап,  кештің ажарын ашты.

   Омар ақынның тағлымы мол өмірі мен шығармашылығы  жайлы  «Ұлытаудың қаршыға ақыны»   атты бейне-баян көрсетілді.

   Еске алу кешіне «Ақыннан қалған асыл белгілер», «Арқаның ақынымын, Омар атым» атты кітап көрмелері ұйымдастырылды. 

   «Ақыннан қалған асыл белгілер»  атты көрмесіне Омар ақынның жәдігерлері: домбыра, белбеу, кісе, насыбай үккіш қойылды.

 «Арқаның ақынымын, Омар атым» атты кітап көрмесі ақынның өмірі жайлы деректермен, қолжазбаларымен, мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған ақын жайлы мақалаларымен қамтылды. Көрме мазмұнын ашу мақсатында дәйекті сөздер келтірілді.  Кітапханалар ісін дамыту мен әдістемелік жұмыс бөлімінің әдіскері Бірәлі Әсел көрме мазмұнымен таныстырып шықты.

    Әке мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау жолында тер төгіп жүрген ақынның бел баласы Аманжол Омарұлы кеш  сонында  іс-шараны ұйымдастырған Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Капкеева Шарипа Құрманқызына алғысын білдірді.

   Омар Құнақұлының  шөберелері Игілік Нұрайым «Ұлытау» өлеңін айтса, Жарылқасын Назерке «Туған жер» әнін нақышына келтіре орындап берді.

    Омар ақын – біздің халқымыздың жадында, зердесінде мәңгілік қалатын арқалы ақын, айбынды азамат. Елін ерлікке, бірлікке үндеген, қаһарман халқымыздың қастерлі тарихын жырлап, содан үлгі алуға шақырған ақын жырлары мәңгі жасай бермек.

 

 

 

 

Саулембекова Дариға Мұратқызы- С.Сейфуллин атындағы кітапхананың кітапханалар ісін дамыту және әдістемелік жұмыс бөлімінің әдіскері

Өз ой-пікіріңізді білдіріңіз

Сіз қонақ ретінде ой-пікір білдіре аласыз

0

Ой-пікір білдіргендер

1. « Ақмоншақ » , « Қайран шеше » атты повестерінің авторы кім?
  • Голоса: (0%)
  • Голоса: (0%)
  • Голоса: (0%)
  • Голоса: (0%)
  • Голоса: (0%)
Всего голосов:
Первый голос:
Последний голос:

Жаңа кітаптар