Обалысай, Мұзбел, Жаманайбат

   Археологиялық материалдар ежелгі адамның Ұлытау өңірі аумағын төменгі палеолит дәуірінде толық игергенін көрсетіп отыр. Бұл кеңістікте ежелгі адамдар тұрағы осы кезеңге дейін де болған. Обалысай шоқысының оңтүстік бөлігінен табылған тас құралдар- Ұлытау ескерткіштерінің ең көнесі. Олардың жасалған мерзімі ерте палеолиттің ашель дәуірінің екінші жартысына жатады. Құралдардың ішінде малта тастан жасалған екі жақты шапқылар айрықша көңіл аудартады.
Сарысу өзенінің орта ағысы тұсында, құрғап қалған Талдысай атты бұрынғы өзек аңғарының бойында Мұзбел атты ежелгі адамдар тұрағы бар. Ол жерден 114 әртүрлі заттардан тұратын төменгі палеолит кезеңіне жататын құралдардың жиынтығы табылды. Оның жартысына жуығы геометриялық түзу формадағы бір жақты және екі жақты шапқылардан, сыдырғыш тәрізді ойық малта тастардан, жұқартылған қырғыштардан және тағы басқа дөңгелек, домалақ қару үлгілерінен тұрады.
Мұзбелден ең көп табылған аңшылар құралы – ортасында ойығы бар жалпақ малта тастар. Домалақ бітімді бұл тас құралдар ежелгі аңшылардың алыстан лақтыратын қаруы ретінде қолданылған. Олар Америкадағы үндіс тайпаларының «бола» немесе «болас» деп аталатын тастан жасалған аңшылық қаруларына өте ұқсас келеді. Ағаш қабығынан немесе шіліктен өрілген арқандарға байланған «боластарды» Мұзбелдің жағада тығылып жатқан аңшылары бұлақтан су ішуге келген ақбөкендерге лақтыратын болған.
Ежелгі адамдар қоныстары қатарына Жаманайбат кеніші төңірегі де жатады. Ол жерден палеолит дәуіріне сәйкес келетін жеті шапқы мен екі қырғыш табылды. Сондай-ақ Ұлытау-Жезқазған аймағынан неолит-энеолит кезеңдеріне жататын көптеген жәдігерлерді академик Ә.Марғұлан, профессор В.Селевин және өлкетанушы Н.Валукинскийлердің тапқандығы белгілі.

Өз ой-пікіріңізді білдіріңіз

Сіз қонақ ретінде ой-пікір білдіре аласыз

0
  • Пікір білдіргендер жоқ