Ұлытау өңірі ұлан-байтақ Жошы ұлысының саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық орталығы болды. Жошы мавзолейінің жанындағы Орда-Базар қаласының даңқы алысқа тарады. Бұл қала Еділ бойында 1254 жылы Сарай-Бату салынғанға дейін Жошы ұлысының ғана емес, Алтын Орданың да астанасы болды. 1237 жылғы Батудың Еуропаға, 1258 жылғы Құлағу мен Кетбұғының Батыс Азияға жасаған жойқын жорықтарына дайындық осы бүгінгі Ұлытау-Жезқазған өңірінде тұрған Жошы мазарының маңында жүргізілді. Орда-Базардың географиялық жағынан алып империяның дәл кіндік тұсында орналасқандығы, еуразиялық кеңістікке ұтымды және ықпалды геополитикалық саясат жүргізуге қолайлылығы оның ұзақ уақыт бойы тарих сахнасынан жоғалмауына игі әсер етті.
Орта ғасырларда «Орда-Базар» деп хандар тұратын астана қаланы айтқан. «Хан ордаларында әдетте саудагерлердің, қол-өнершілердің және сол замандағы басқа «қызмет көрсету салаларының» өкілдерінің үлкен тобы болды. Олар өз отбасымен, шәкірттерімен, бүкіл шаруашылығымен хан ордасы маңынан алыстаған жоқ. Ордамен бірге көшіп қонып, «көшпелі қаланың» құрамында қызмет көрсетті. Мұндай «көшпелі қалалар»  орда- базар деп аталатын»,- деп жазды тарихшы В.Г.Юдин. Бірте-бірте осындай киіз туырлықты «қалалар» отырықшыланып, кәдімгі қалаларға айналды. Ұлытаудағы Орда-Базар да осындай орын. Онда сол дәуірде металл ақша соғатын шеберхана болған.

Өз ой-пікіріңізді білдіріңіз

Сіз қонақ ретінде ой-пікір білдіре аласыз

0
  • Пікір білдіргендер жоқ