Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ММ
С.Сейфуллин атындағы    орталық кітапхана
Ақпаратты-библиографиялық бөлім

 

 

 

 

 

 

 

          

 

Айтыстың арқадағы ақтабаны
(  Халық ақыны Болман Қожабайұлының туғанына
130     жыл)

 

Жадынама

Жезқазған - 2010 жыл

Жерім жібар бектен  тыс барқыт киген,
Табиғат тәжім қылып басын иген.
Сары алтын жатқан іші кең қазына,
Жүректен шын құмартып жаным сүйген Болман  ақын

 

Ақын Болман
  Өмірі  мен шығармашылығы  
 
Өлеңім  өмір серік бала жастан,
Тұлпарым сүрінбеген қия тастан  
Атақты Жезқазғанның тілмарымын
Өнерлі дәстүрменен үлгі шашқан,-деп ,күй баптап,ән шығарған, сүре   айтыстың дүлділі Болман Қожабаев өнерпаздық болмысы, күмбір қаққан кеуденің кернегін сыры турасында осылайша асқақтап сөйлейді. Ол саңқылдаған үнімен, сыңғыр қаққан сап таза жырларымен күн сәулетті Отанына, туған жеріне, сүйікті халқына жан аямай қалтқысыз етті.Нағыз өнер туындысы өмір айнасына айналып, ұлы дәуір шежіресін, өз заманының көркем тарихын шынайы да терең толғауымен өлшенбей, таразыланбақ
Осындай жезтаңдай ақынның туғанына 130 жыл толып отыр.
Арқалы ақынның өмір тарихына  соқпай өтуге болмайды.   Ол 1880 жылы Жезқазған облысы Жезді ауданының Бала Жезді өзенінің бойындағы Қара адыр қыстағында  дүниеге келген. Әкесі Қожабай орақ тілді, от ауызды, жөппелдемеде селдете жыр төгіп тастайтын тапқыр, айтқыш ақын, әнші-домбырашы болған.  Әкесі Болманды өз өнеріне жастайынан үйретіп, көптің басы қосылған жерлерге алып барып, ас-тойларда өлең айтқызып, домбыра тартқызып баулиды. Әкесінің өлең-жырларын жастайынан жадына сақтап, жаттап өскен Болман да ақындыққа бой ұрады. Он бес жасқа келгенде қолына домбыра алып, айтысқа түседі.  Өнерлі жас жұрттың назарына іліне бастайды., құрбыларының құрметіне бөленеді. Әке балаға сыншы ғой. Ұлының бойында ақындық қуаттың мол екенін байқаған Қожабай:
- Айтып жүрген өлең, әнің көңіліме қонады. Соны мәңгі серік ет. Алмас қылыш майданда ғана серік, асыл сөз майданда да, сайранда да серік. Халықтың аузында жүрген сөздің інжу-маржанын үйрен!-деп батасын береді.
Өмір-  үлкен мектеп. Ел іші-алтын бесік. Елдің хал-ахуалы, әлеуметтік жағдайы Болманның алғашқы өлеңдеріне негіз болады. Оның өлең өлкесіне барардағы ақындық мектебі де халық ортасы. Жоқшылықтың әсерінен  бала Болман әке-шешесінің  қамын ойлап ағылшын кәсіпшілеріне жалданып,қараңғы Байқоңыр шахтасында күніне 12 сағат жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ауыр жұмыс ,отаршылдық кемдікте ұстауы жас ақынды мұқалтпады, жігерін шыңдай түсті. Өмірге көз қарасын қалыптастырды. Ауыз азапты жұмыста жүрсе де Болман өлең шығарудан бір сәт қол үзбейді. Табиғат сыйлаған ақындық Болманды биік мұраттарға жетеледі. Қандай тақырыпқа болса да қолма-қол суырып салып айтады. Терең ойлы шешен, тапқыр,шашасына шаң жұқпайтын жүйріктің өзі.  1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде шығарған  «Қарамалай», «Атыңнан айналайын», «Аманкелді» т.с.с. өлеңдері ақынның халықшылдық бағытымен қатар,оның алғыр ойлы,шебер тілді реалист суреткерлігін де танытады. Болманның ақындық дарыны халық өнерпаздарының республикалық слеті кезінде бүкіл ел көлеміне жарқырай танылды.                                         
Жезді – Жезқазған өңірінде алғаш ұйымдасқан  колхоздарды, коллективтік бірлестіктерді алғашқы бесжылдықтың табыстарын ,еңбек ерлерін,Ұлы Отан соғысында жаумен шайқасқан батыр ұл-қыздарды жырына арқау етті. «Шаттансын,халқым, шаттансын», «Сүйікті Отан», «Көмірмен жауды көміңдер»,   «Совет Армиясына» т.б. өлең-жырлары отаншылдық рухта шығарылған. «Өмір жолы» атты поэмасы бар.         Болман Қожабаевтың творчествосының негізгі арқауы- нұрланған туған жері Жезқазған және оның абзал адамдары.  

 

Жезқазған  жыршысы:
Одақтың мыс босаға қоймасымын,   
Алтындай өзегі бар бетін жонса, 
Жеріміз тасы гауһар, суы шарап,- деп

 

туған жердің тұнған байлығын   тебірене  суреттейді.  Арқа белін «солқылдата қозғап, құрыш  балқытып, сел ағызған» қырандарын,әсіресе халқымыздың ардағы, көрнекті ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты ыстық сезіммен мөлдірете төмендегідей жырлайды:

 

Ақылы дария Қаныш ғалым,
Атағы Алатаудай жұртқа мәлім.
Білімнің тереңіне сүңги бойлап,
Ойлаған жастайынан елдің қамын

 

Сен кеннің жерімдегі көзін тауып,
Көмірін, марганец, жезін тауып.
Қанышым берген еді қысталаңда,
Ажал боп жау басына тұрды жауып

 

 

 

Болман Қожабаев 1962 жылы КСРО жазушылар Одағына мүшелікке қабылданды .Оның жырлары асқан қуат, кең серпінге ие бола түсті.
Халық әдебиеті үлгілерін көп білетін Болманның өлеңдері мен жырлары газеттер мен журналдарда басылды. Ол Қарсақбай, Жезқазған металлургтері мен кеншілерінің зор құрметіне ие болды.

Пайдаланған әдебиеттер:

 

Жетібаева Б. Ақын Болман: Қала төлқұжатындағы есімдер // Сарыарқа.-2004.-30 маусым.-2 б.
Қаражігітов А. Ақын туралы әңгіме: Болман Қожабаевтың туғанына 110 жыл// Жезқазған туы.-1990.-10 ақпан.-4 б.
Негимов С. Жезтаңдай ақын:  Жезқазған жыраулары // Жезқазған туы.-1987.-24 ноябрь
                                                                                            

 

Болман-қабырғалы айтыс ақыны

 

             
БолманҚожабаев-өз заманының ,дәуірінің жемісі. Тілінен алуа шекер төгілген, тыңдаушылардың мейірімін, қандырған көрнекті айтыс ақыны. Алғаш рет Ұлытаудың белгілі ақыны Тайжан Қалмағамбетовпен 1914 жылы айтысады. Бұдан кейін Маясар,Кенен, Нұртаза, Доскей, Ілияс, Нияз ақындармен айтысқан. Осы айтыстың өңірінде Болманның арқа сүйереі мақтан тұтары-туған әкесі, Жезқазған, Қарсақбайдың  табиғи байлығы, еңбек өрендері болды. Ақын жырларынан байтақ республикамыздың мыңғырған дәулетін,әсем тауларын,сыңғырлаған өзен-суларын жаңыңмен сезініп,көзіңмен көргендей боласың.                
1943 жылы 4 декабрінде халық ақындарының республикалық  айтысы басталады.. Ұлы жиын күндерінде Жамбыл бастаған тоқсанға жуық суырып салма ақын дастархан басында бас қосқан екен. Ақындардың сұхбаттасуы туралы Болман Қожабаев өз естелігінде былай деп ой тербеген. «Бас қосу өнер мерекесі ретінде өтті. Төрде жарқырап ақындардың алыбы Жамбыл, оның оң жағында күйші Дина Нүрпейсова, сол жағында Кенен Әзірбаев отырды. Бір уақытта Жамбыл маған қарап:
- Әкең Қожабаймен үш-төрт мәрте бас қосып едік, жырау еді ғой, сен затыңа тарттың ба?-деп сұрады.
- Оны сіз білесіз ғой,мен қайдан білейін,-дедім
-  Осы отырыста бәріміз,сені сынайық, мынау өнер аспанында аққудай тізілген ақындарды өлеңге қосшы,-деді Жамбыл. Сонда үкілі домбырамды қолыма алып:     

 

-   Келіп тұр Жәкең бастап жиналысқа
Жиналған ақындарға беріп нұсқа.
Шашекең сырнай алып толғанғанда,
Ұқсайды гүлге қонған тоты құсқа

 

Серігі ақын Жамбыл қарт Шашубай,
Шашекең алтын ғой ат басындай
Қиядан талмай ұшқан ақ тұйғындай,
Шаң берген ақ береннің шаппасындай.  

Семейдің Сапарғали,  Нұрлыбегі,
Халықтың баптап жүрген бәйгі көгі.
Ортадан жасы асқан ақын Төлеу
Ақынның осындай-ақ асыл тегі

 

Шымкенттен Қазанғап пен Орынбайы,
Бәйгі алған шаршы топта жезтаңдайы.
Кездесті Алматыға барғанымда
Қадиша Қызылорда  ақмаңдайы

 

Атақты Қарағанды Маясары,
Тұлпардай дүбірі зор дөңасары.
Бас қосқан ақындардың құрметіне
Шаттықпен ойнап-күліп жас пен кәрі » дедім 

 

-   Әкеңе тартқан   екенсің.Халайық, мұңы қандай бәйгеге қоссаң да  
ұялмайсың.-деп арқамнан қақты.

 

(Негимов С.Жезтаңдай ақын: Жезқазған
жыраулары//Жезқазған   туы.-1987.-24 ноябрь)

1944 жылы шілде айында Балқаш қаласында өтетін айтысқа Жезқазған өңірінен Болман ақын,Ибраһим Баймолдин және Нұрыш үшеуі жолға шығады.Бұл айтыста Болман атақты Шашубай Қошқарбайұлымен айтысады. Айтысты ұйымдастыруға Қарағандыдын ақын-жазушы Әуезхан Көшімов деген кісі басшылық жасайды. Болашақ айтысқа материал жинау үшін мол мүмкіндік жасалады. Балқаш өңірімен танысып,қаласын аралап

 

шығады. Екі ақынның айтысы Балқаш мәдениет үйінде өтеді.Айтыста Болман ақын  өтіп жатқан клубты:
Клубың көшкен елдің қорасындай
  Моншаң бар Қожанасыр моласындай
Ақынға дайындаған үйің де жоқ
Ұялмай жеркене барасың ба-ай-

 

деп Шашекеңді   бір сүріндіріп тастайды. Сол кезде жасы сексенге келгеніне қарамастан біз Шашубай ақынның төбесінен тік тұрып өнер көрсеткеніне таңданып қайтқан едік-деп еске алады Нүрекең сол айтыс сапарының сәулелі сәттерінен. Сол жылдың қыркүйек айында Жезқазған поселкасында  Болман ақын қарағандылық Маясар Жапақовпен айтысады. Бұл айтыс белгілі әдебиеттші ғалым Темірғали Нұртазиннің бас-көз  болуымен өтеді.

 

 

Өзі  талай айтысқа қатысып, жүлдегер атанған Болман ақын енді ел арасындағы жас  талант көздерін тауып, халыққа таныту мақсатында жас комсомол ақындардың айтысын өткізуге мұрындық болды. Қарағанды қаласында өткен бұл бәйгеге Болман ақын шәкірті Нұрыш Сейітовті қосады. Жас тұлпар ақын үмітін ақтап, айтыстың бас жүлдесін  қанжығасына байлайды. Болман Қожабайұлы тәрізді жүйрік талант иесінің шапағатын көрген Нұрыш Сейітовтің өзі де өнерімен көпке таныла білді. Москва төрінде ән салды. Оның кезінде Болман ақынның хатшысы болғанын біреу біліп, біреу білмейді.

 

Халық тарихы- ардагерлердің өмір жолдары, жарқын жұлдыздарының болашақ күндерге қалдырған алтын іздері,асыл істері. Ақын жырларының шұғыласы да осылармен төркіндес. Болман ердің ері Аманкелдіні, дала комиссары Әлібиді де жырға қосқан. Қанышпен Қарсақбайда өз үйінде кездескен, сұхбаттасқан екен.
1961 жылы тамызда Қазақ КСР ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының шақыруымен халық ақындарының республикалық мәслихаты өткізіліп, оған көптеген халық ақындары, жыршы-жыраулар, шешен-ділмарлар, дарынды әншілер жиналды. Оған жерлестеріміз Болман мен Иманжан қатысады. Бұл жолы Болман Қазақтанның ақыны Желеумен айтысып,ақындық өнерге кең өріс ашады. Бұл «ақындар жыры» атты жинақта 1963 жылы басылған.

 

 
 

 

Болман өлеңдерін хатқа түсірген дүниеден ерте өткен фольклорист Дәкен Шалабекты, өмірі мен творчествосын зерттеп,диплом жұмысын  АқылбекШайхинді ілтипатпен атаға болады. Болман творчествосын зерттеуге ғалым,жазушы Мырзабек Дүйсеновтың де өзіндік үлесі бар.

 

1880 жылы дүниеге келген Болман Қожабайұлы 1972 жылы дүниеден озды.
Бүгінде өмір өзгерді, өңір жаңарды.Оның арнтында қалдырған асыл мұрасын әр уақытта қастерлеп,мақтан тұту қажет. Есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Жезқазған қалалық атқару комитетінің шешімімен 13 қыркүйек 1990 жылы қаладағы Равнинная көшесі ақын Болман болып өзгертілді.     

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:
Ақын Болман жайлы толық мағлұмат алуға,оқуға төмендегідей әдебиет пен баспа беттеріндегі материалдар  ұсынылады.

 

1. Тоқсанбайұлы Қ.,Қожабайұлы Б. Бізде сөйлер кез келер... Шығармалар жинағы.-Астана:.Фолиант, 2008.-392 б.
Бұл кітапта есімдері тек Арқа жұртына ғана емес, дүйім қазақ қауымына мәлім әкелі-балалы жыр саңлақтары Қожабай Тоқсанбайұлы мен Болман Қожабайұлының өлең-толғаулары,жыр-дастандары, өнер иелерімен болған айтыстары топтастырылған. Болман Қожабайұлының шығармашылығы 93 беттен басталады. Сонымен қатар ақындармен айтысқан суреттері де қамтылған. Кітапты шығаруға жауапты болған Болман Қыдыралы-Қожабай мен Болман ақындардың ұрпағы.

2.Шайхы А. Ақын Болман: Жезқазған,1993
Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап. Белгілі сөз зергерінің оқырманға бұған дейін  белгісіз және көпке таралмаған өлең жырлары мен айтыстары енгізілген.

 

Дастанов А. Болман ақынның хатшысы: Нұрыш Сейітов ақсақалдың естеліктері // Сарыарқа.-2006.-9маусым(№41).-4 б.

 

Жүсіп Б. Айтыстың Арқадағы ақтабаны: Мұра // Мысты өңір.-2004.-3 қыркүйек.-8-9 б.;  Қазақ әдебиеті(қосымша).-2004.-27 тамыз.-10 б.

 

Жауапты: Ш.Қ.Капкеева - ОКЖ  ММ директоры  
Құрастырған :  К.А. Бекетова  - АББ меңгерушісі

Өз ой-пікіріңізді білдіріңіз

Сіз қонақ ретінде ой-пікір білдіре аласыз

0

Ой-пікір білдіргендер

Load Previous Comments