Тайжан Қалмағанбетұлы (1879-1937)

 

Арқа аталатын алып даланың үстін әсем ән, әдемі жырға бөлеп, өнерімен алты алаштың ардақтысына айналған тұлғалар есімі-бүгінгі ұрпақтың мақтанышы.Олар-ғасырлармен бірге жасар ғажайып ескерткіш қалдырып кеткен дарындар. Сондай ардақты ұланның бірі-халық ақыны Тайжан Қалмағанбетұлы.
Тайжан Қалмағанбетұлы 1879 жылы Қарағанды облысы Ұлытау ауданы жеріндегі Айыртау бауырында дүниеге келген.  Ақын дүниеге келген топырақ-иісі қазақтың қасиетті, киелі санайтын, ұлтқа ұя, ата-бабамызға ежелгі қоныс болған Ұлытау жері.
Тайжан өскен ортаның өзіндік тағылымды дәстүрі мен салты оның өнер аулына ат басып бұруына әсер еткені даусыз. Әкесі Қалмағанбет-аймағына ардақты, беделі зор, молдалығы маңайға белгілі болған адам. Мұндай беделге ие жанның үйіне жақсылар келіп түскен. Бәтуәлі кеңес құрылып, ақылды әңгіме өрілетін болған. Қазақи, далалық тәрбие ошағы саналатын мұндай орта бала Тайжанды өлмес өнерге талпындырғанын жоққа шығара алмаймыз.
Шешесі Мейіз-қазақтың айтулы өнерпазы, ақын, сазгер, әнші Үкілі Ыбырайдың туған апасы. Тайжан ақындығының екпініне екпін қосқан Сыр өңірі болды. Ол біраз жыл(1934 жылға дейін) Қызылорда жерінде ғұмыр кешеді. Сыр бойындағы сүлейлер дәстүрі, онда қалыптасқан өнерпаздық мықты орта ақын мүмкіндігін аша түседі.Тайжан Сыр бойындағы жеті ақынмен айтысқан.Әйгілі халық ақыны Нартай Бекежанов Тайжан ақынмен осы жерде кездесіп, тума талант өнеріне тәнті болып, Тайжанды өзіне ұстаз етеді.  Тайжан-екі дәуірдің куәсі. Ол екі түрлі қоғамдық формацияның тынысын сезді, тірлігін көзімен көрді, куәсі болды. Бірі-әлдінің әлсізді жаныштап, еңбегін қанап, зар илеткен бұғаулы заман да, екіншісі-Қазан төңкерісінен кейінгі кеңестік тұрмыс.

 

Зар илеткен заманда,
Су бермейді шалқар көл.
Асу бермей мұнар бел,
Тұманды күнде жол таппай,

 

Екі көзім болды көр,-деп ескі заман сипатын жырласа, ақын үшін кеңестік билік салтанат құрған кез – «Тамылжып сәуле түскен» кез. Ақиқаты сол, Жамбыл,Кенен, Доскейлер қуана жырлаған кезеңді Тайжан да жырына қосты.
Тайжан ақынның өнерпаздық қыр-сырының барынша жарқырай ашылған шағы-Кеңестік кезең.бұл жөнінде белгілі ақын, «Тайжан ақын» атты поэманың авторы, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов : «Тайжанның ерекше дәуірленген кезі 1934 жылдан басталады»,-дейді «Ақындықтың дүлдүлі»деген мақаласында. Шынында, ақын осы жылы Сыр өңірінен туған елі Ұлытауға қайтып оралған болатын.
Тайжан – тынысы кең, талғамы  зор ақын. Өз қуатын өзі де бағалай алады.
Болғаны Тайжан ақын биыл емес,
Біздерге өлең айту қиын емес.
Астынан алты қырдың ән шырқасам,
Дауысым отарбадан кейін емес,-десе,

Атандым бала жастан Тайжан ақын,
Ән-жырмен алты алашқа жайған атын.
Төгілген сырнайымның сазды үніне
Қалықтап аспанда аққу айналатын,-
дегенінен ақындық жойқын қуаты арнасынан асып түсіп жатқан сері көңілдің сөзін ұқпасқа болмайды.

Өз ой-пікіріңізді білдіріңіз

Сіз қонақ ретінде ой-пікір білдіре аласыз

0

Ой-пікір білдіргендер

Load Previous Comments