Қонысбай Сарбасұлы (1849-1944)

 

ХІХ ғасырдың екіншіжартысы ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген қазақ халқының суырып салма әнші-ақындарының бірі-Қонысбай Сарбасұлы.
Алайда, Қонысбай ақын да өмірі мен қоғамдық қызметі жайында деректері мен шығармалары жиналмай, зерттелмей жабулы қазан іспеттес күйінде қалған қазақтың көптеген ақын-жарауларының санатында болғандықтан оқырмандарға оның есімі таныс емес.
Қонысбай 1849 жыл сәуір айында қазірге Қарағанды облысының Жезді ауданындағы Бала Жезді  өзені бойында әрі тәуіп, әрі батыр Сарбас Құланбайұлының шаңырағында дүниеге келіп, 1944 жылы жаздың аяғында сол Бала Жезді өзені бойында орналасқан «Талап» колхозында тоқсан бестен тоқсан алтыға қараған жасында ауырып қайтыс болыпты.  Қонысбайдың әкесі Сарбас Торғай өңірінен. Ол ел аралап, науқастарды емдеп жазып жүрген тәуіптердің бірі екен.. Әділдігімен жұртқа ұнаған Сарбас Ұлытау өңірінін мекендеген Бағаналы Найманға жататын Қожас руының Ибеске бұтағындағы Жанғабыл атасынан шыққан Күшенбай деген ауқатты адамның Ағайша есімді қызын алып, сонда тұрып қалыпты. Сарбас Ағайшадан Қонысбай, Қоңырбай, Жүніс есімді үш ұл көреді. Сол үш ұлдың үлкені-Қонысбай өнер адамы болады да, қалған екеуі мал өсіруімен, егіншілікпен шұғылданған шаруа кісілер болыпты.
Қонысбай жас бала кезінде ауыл молдасынан оқып, хадимше (ескі араб әрпімен) хат танып, діни білім алған. Онан соң Қонысбайды әкесі Сарбас Түркістан шаһарына ертіп апарып, сол маңдағы Қарнақ қалашағындағы медресеге оқуға орналастырады.
Қонысбайға әкесінің емшілігі мен ақылдығы он бір жасында дарыпты. Сабақтан тыс уақытта Сарбасұлы ән салып, домбыра тартумен де машықтаныпты. Оған үй иесі Досымның да әсері болыпты. Досым әнші, домбырашы, аздап ақындығы бар құмалақшы кісі екен. Сондықтан Қонысбайдың әнші, ақын, құмалақшы болуына Досымның ықпалы зор болыпты. Қонысбай құмалақты жасырын тартыпты. Сарбасұлы Қарнақ медресесінде жақсы оқып, онда діни білім алумен қатар, араб, парсы, көне түрік тілдерін тәп-тәуір үйренеді. Қарнақ медресесін тәмам еткен Сарбасұлы ауылына келген соң, бала оқытумен айналысады. Ол ұстаз болып жүргенде, бір күні оның ауылына сал-серілерін атақты Біржан сал Қожағұлы (1825-1898 ж.ж.) келіпті. Біржан ақынды бұрыннан жақсы қарсы алып, арнап киіз үйлер тіктіріп, сонда орналастырып, құрметтеп мейман етіпті.
Қонысбай Біржан сал тобына ілесіп, ауылдарды бірге аралапты. Әуелде домбыра тартуды ғана білетін Қонысбай Біржан салдың шәкірттерінен қобыз, сыбызғы, жетіген, сырнайға қосып ән айтуды, сыбызғымен күйлер тартуды жап-жақсы үйренген екен. Сонымен қатар, Сарбасұлы Біржан салдан, оған ерген әнші-ақындардан хисса-дастандар мен өлеңдер де жазып алыпты. Қонысбайдың талапкерлігіне разы болған Біржан сері ақ батасын беріп, сыбызғы сыйлап кетіпті.
Сарбасұлы өзіне дейінгі Әбутәліп, Өске, Нияз сері, Орынбай, Біржан сал, Өтеулі, Кемпірбай, Құлтума, Балтекей сияқты ақындардан жазып алып, олардың өлеңдерін жатқа білген екен.
Қонысбай жыршыны жас демей, өзі өскен ортадағы би-болыс, ауылнайлар да сыйлап, қатты құрметтепті. Өйткені Сарбасұлы турашыл, бірбеткей, кісіге жағынуды ұнатпайтын, өткір тілді әнші-ақын болыпты. Қонысбайдың атасы-Құланбай да, бабасы-Тастемір де кезінде аса ірі тәуіп, әрі шешен, әрі жауынгер кісілер болған екен. Қонысбай да ата жолын қуып, ақын, тәуіп, шешен, жауынгер жігіт болып, ел үмітін ақтапты. Ол өз бетінше көп ізденіп Тілен ғұламадан басқа да білімді кісілермен танысып, олардың ақыл-кеңесін тыңдап, діни мәселерді көп сұрап, едәуір мәлімет алыпты.
Сарбасұлы науқастарды емдеуде дұғалықты да пайдаланыпты. Қонысбай да ата-бабалары сияқты тапқан табысының жартысын ел ішіндегі ғаріп-қасер, жарымнан, кедей, перзентсіз кәрілерге бөліп беріп, әрқашан олардан алғыс, бата алған.
Ара-тұра Қонысбай аң-құс аулаумен, бәйгеге баптап ат қосымен де шұғылданады.
Сарбасұлы есімі елге ақындығымен, емшілігімен, жомарттығымен мәшһүр болған. Ол астық егуді де кәсіп еткен. Содан ол емші Қонысбай, ақын Қонысбай, әнші Қонысбай, домбырашы Қонысбай, дихан Қонысбай, сойылгер Қонысбай деген бірнеше жақсы атпен Ұлытау, Сарысу, Жаңаарқа өңірлеріне мәлім болған екен.
Ол емшілік жайында атақты Ахмет ишан Оразаұлымен тәжірибе алмасып отырыпты.
Ақындықта Қонысбайға Құлтума, Кемпірбай, Жоламан, Балтекей, Қожабай жыраулар ұстаз болыпты, Бағаналы Найманның Қанапия, Мұқан, Шеген, Тайжан, Болман сияқты жас әнші-ақындары шәкірт болыпты. Қонысбай өз тұсында қаракесек Қақпан ақынмен, бәсентиін Төлебай салмен, қуандық Досней ақынмен дос болған екен. Ол көптеген әнші-ақындармен, сазгерлермен Қоянды, Атбасар жәрмеңкесінде, атақты кісілердің астарында танысып достасыпты. Қонысбай Әсет, Исабек, Шашубай сынды өзінен жас кіші ақындармен аталмыш жәрмеңкелерде, астарда жолығып, олармен табақтас, пікірлес болыпты. Қонысбай жырау жас жігіт кезінде Қожабек, Нұрғалимен айтысқан.
Ақынның асыл мұраларынан біздің кезеңге жеткендері Жезқазған шаһары маңындағы Экспедиция қалашығында тұратын Мұхаммедрахым Есенбайұлы қарияның қолындағы белгілі әнші, әрі құрметті кенші Төлепберген Пішенұлы(1927-1985 жж.) марқұмның архивінің ішінде сақтаулы.

Өз ой-пікіріңізді білдіріңіз

Сіз қонақ ретінде ой-пікір білдіре аласыз

0

Ой-пікір білдіргендер

Load Previous Comments