Мен кітапханашы болғаныма мақтанамын

(эссе)

    Бүгін мен үшін ерекше күн. Осынау қайнаған өмірде, алғаш есігін ашқалы тұрған ғимарат – алдымда тұрған кітапхана.

Әрине, кітапханаға келуім бірінші рет емес. Студенттік өмірдің небір қызықты күндерінде, сессия уақытындағы ізденіс сәттерінде осы кітапханаға құрбыларыммен бірге талай келгенмін. Алайда, қазіргі келуім мүлде ерекше. Ерекше дейтінім – бүгін мен бұл есікке кітапханашы болып кіргелі тұрмын.

- Иә, мен бүгіннен бастап кітапханашымын. Бала кезімнен кітап оқуды жақсы көремін. Кітап – терең білім ұясы, ой маржанының зертханасы, игіліктің қазынасы. Енді мен өзіме қажетті кітаптарды бас алмастан оқимын деп сенемін...

Бұл менің ең алғаш кітапханаға кітапханашы болып жұмысқа келгендегі ойым болатын...

Сөйтсем, кітапхана өмірі мұлде басқа екен...

Кітап сөрелеріндегі сан-алуан кітап сырға толы. Ол біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз. Өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, басқа ғылым кереметтерін де кітаптан табамыз. Талай оқиғалардың куәсі, талай жаңалықтың көзі – осы кітаптар.

    Адамның досы кітап, өмір кілті,

    Тең емес оған жиған дүние мүлкі.

    Ақылшы жанға серік жолбастаушы,

    Асыл ой қазынасы, өмір көркі – деп ақын бекер жырламаған.

Рухани білімнің, рухани мәдениеттің ауадай қажеттілігі, маңыздылығы ешқашан мәнін жойған емес. Адам баласы сол байлықтың көзін «КІТАП» деген құдыреттен тапты. Ғылым мен техника, жоғары технология дамыған ХХI ғасырда да бәрінің бастау алар қайнар көзі – кітап. Кітап араб тілінде «жазу қоймасы» деген мағына береді. Кітапханада кітаптар өмір сүреді және оқырмандарға көмек береді. Кітапхана қазіргі кезеңде заман талабына сай жаңа технологиямен жұмыс жасап, ғаламтор жүйесіне қосылған. Өткізілген іс-шаралардың барлығы ақпарат беттерінде жарық көреді. Осы ақпараттар арқылы әріптестеріміздің тәжірибелерімен танысып отырамыз. Оқырмандарды қажетті ақпараттармен қамтамасыз етіп, әдістемелік көмек көрсетіледі. Оқырман конференциялары, поэзия сағаты, библиографиялық шолу өткізіліп отырады. Айта берсек кітапхана оқырман келіп кітап алатын жер ғана емес, ақпараттық, сарапшылық ресурстарын пайдалануға арналған инновациялық орталық.

Кітап оқыған жанның жаны таза, ой-өрісі ұшқыр болады. Кішіпейіл, мейірімді болуға, білімқұмарлыққа, төзімділікке үйренеді. Ендеше кітап оқуды мақсат етіп, заман талабына сай маман болуға ниеттенейік. Өмірдің барша қызығы кітапта. Мен кітапханашы болғаныма мақтанамын.

Гүлшат Абекеева

№2 үлгілі кітапхана-филиалының кітапханашысы

       Сарыарқа.- 2014ж.- 4 сәуір(№13).- 7б.

 

 

Мен кітапханаға келгенде қандай едім?...

(ЭССЕ)

 

            Мен өзімнің оң-солымды танитындай жасқа жеткенімде, санамдағы "Мен кіммін, өмірдегі алатын орным қандай?" деген ойлардың күшейе түскені көп ойландыра бастады. Кітапханашы қызметін таңдағанға дейін, менің көңілімде қандай жұмыс істесем де, бір нәрсесін таба алмай жүрген адамдай немесе ойыншықтарын жоғалтып жүрген баладай күй кешкенім менің өзіме ғана емес, қасымдағы жаны жақын адамдарыма сезіліп тұрғаны анық еді. "Маған сонда не қажет?" деген ойдың шырмауынан шыға алмай жүргенімде жақын жолдасымның сөзі себеп болып, С.Сейфуллин атындағы кітапханасының №4 Малшыбай кітапхана-филиалына кітапханашы болып 2011 жылдың желтоқсан айынан бастап жұмысқа кірісіп кеттім. Кітапхана ұжымында жұмыс атқаратын қызметкерлер өте қарапайым, тез тіл табыса алатын, өз істерінің білікті мамандары. Өз білген - түйгендерін аямай, маған үйретіп келеді. Түпкі тарихынан бастап бүгінгі күнге дейін кітапхана көптеген қызықты мәдени көпшілік іс-шаралардың, ғажайып оқиғалардың куәсі болып келеді. Сол жұмыстың жоспарын құрастыру, оның нәтижесін қарастыру арқылы құжаттармен жұмыс жасауды меңгердім.  Сондай-ақ кітапханаға келіп түскен жаңа кітаптарды қабылдау, кітап қорымен жұмыс жасау, оларды оқырмандарға насихаттап таныстыру. Библиографиялық баспа шығармалары жайында ақпарат беріп, дайындап,  хабарлама және ұйымдастырушылық жұмыспен айналысу менің міндетіме кіреді. "Рабис" бағдарламасы негізінде жұмыстар үздіксіз іске асырылып келеді.

          Еңбегімнің ел кәдесіне жарағанын сезіну - үлкен бақыт. Әрбір оқырманға қуаныш сыйлау - мен үшін тамаша кезең. Іздеген затын жоқшысына тауып берсең, жерден жеті қоян тапқандай қуанатын үлкен ақсақалды аталарымыз, ақ жаулықты әжелеріміз, ақ бантиктері желбіреген мектеп оқушылары - бәрі де ақ баталарын беріп, рахметтерін жаудырады, аналық алғыстарын береді.

          Мен өмірінде өз іздегендерін таба алмай жүрген әрбір жасқа мен сияқты сүйікті де, қажетті мамандық иесі болуын тілеймін. Қазақстанның өскелең ұрпақтарын жаңашылдыққа тәрбиелеуге жағдай жасауымыз тиіс, сол арқылы балаларды шығармашылыққа баулып, экономиканың, қоршаған ортаның өзгермелі жағдайына қарай дағдылануына әрі алдағы өмірінде аса қажетті маман болуына мүмкіндік бере аламыз. Оқырманымыз көп, уайым-қайғымыз жоқ, ел-жұртымыз тыныш, бала-шағамыз тоқ болып, Қазақ елінің бақытты, тату-тәтті жандары болайық.

    

                                                                                                      Гаухар Төлешова         

                                                                                              ОКЖ-нің №4 Малшыбай                                                                                           кітапхана филиалының кітапханашысы

                                                                      Сарыарқа.- 2014ж.- 9 мамыр(№18).- 12б.

 

  

 Кітапханаға келгенде мен қандай едім...

                                           эссе  

           Кәсіп таңдау – өте жауапты іс. Алдағы өміріңнің ойдағыдай қалыптасуы да таңдаған мамандығыңа, оны қалай атқаратыныңа байланысты. Егер қалаған кәсібің ұнаса, жұмысыңа жеткенше асығасың, әрбір еңбек күнің саған қуаныш сыйлайды. Ал, егер таңдауың дұрыс болмаса, бойыңды ауыр зіл – батпан басып, алға басқан қадамың кері кете береді. Сондықтан, бір шешімге келу үшін толғанасың, толқисың, мың ойланасың.

   Ең алғаш рет кітапхана табалдырығын аттап, жұмысқа қабылданғанымда өзімді қоярға жер таппадым, состиып істі неден бастайтынымды білмедім. Бұрын кітапханашы туралы ойым басқаша еді. Құрбыларыммен кітапханаға барғанда кітапханашы іздеген мақалаларды, кітаптарды тез тауып беретін. Сол кезде менің сұранысымды қалай, қанша уақытта орындайтынына мән бермеппін. Өзіңмен әңгімелесе отырып, көп ақыл – кеңес берулері де олардың кәсіби шеберліктерін терең меңгерулерінің нәтижесі екенін кейін түсіндім. Шында да оқырмандармен тіл табысып жұмыс істеу қиын болғанмен, сыр білдірмей, міндетіңді жауапкершілікпен атқаруың қажет.Олай дейтінім, кітапханаға әр жастағы оқырмандар келеді. Олардың талап – талғамдары жоғары, тіпті, жасыратыны жоқ мінез – құлықтары да әртүрлі. Оқырман қандай көңіл- күйінде келсе де кітапхана қызметкері әрдайым байыпты, ұстамды, әдепті қалпынан танбай, біліктілікпен қызмет көрсетулері керек.   Арада айлар өте келе кітапхана жұмысының қыр-сырын үйреніп алдым, көп нәрсені ұқтым. «Жаным десе-жан семіреді» деген қазақтың дана сөзі бар. Ұжымдағы «айналайын» деп ақыл-кеңестерін айтып, еңбекке баулыған әріптестеріме шексіз ризамын. Жоғары талап-талғамы арқылы менің көп ізденуіме, шыңдалуыма оқырмандардың да себепкер болғанын айта кеткенім жөн.Қызмет ете келе кішкентай балаларды қуантсам, солардың көңілін тапсам деген ой жиі мазалай берді.Сол тілегіме орай мен бүгінгі күні  Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің  Балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өз мамандығына шынайы берілген жандармен бірге қызмет атқарамын.Әрбір өткізген іс-шарада балалармен кездесу, олардың жүзінен шаттықты қуанышты көру, күміс күлкілерін есту-мен үшін үлкен бақыт. Мен олардың білгілері келген сансыз сұрақтарына жауап беремін, ертегілердегі кейіпкерлерді сомдаймын, қызықтыруға ұмтылып, жиі-жиі келулеріне ықпал етемін. Бүгінгі менің басты оқырмандарым- төменгі сыныптарда оқитын тұлымшағы желбіреген, білімге құштар, тынымсыз ұл-қыздар. Олардың кітап сөрелерінің арасынан томпаңдап жүріп, қолдарындағы кітап беттерін парақтап ашып мәз болғандарын көру- мен үшін бір ғанибет. Менің оқырмандарым-менің қуанышым.Балалардың бал қызығын қызықтап, кітапқұмарлығына сүйсіне отырып, мамандығымның өте қажетті, қастерлі екенін ұқтым.

  Мен өз кәсібімді мақтан тұтамын, өйткені, балалар кітапханасының кітапханашысы болғандықтан балалық шаққа жиі-жиі саяхат жасап, балалар әлемімен тілдесіп, жас білгіштердің ізденістеріне жан-жақты жауап беремін. Кішкентай оқырманның жүзінен күлкі көрсем, менің жұмыс күнімнің бос өтпегені.Мен оқырмандарыма  қаншалықты қажет болсам, олар да маған соншалықты керек екенін жақсы білемін.

  Сонымен,мен неге жүздеген мамандықтың ішінен кітапханашы ісін таңдадым? Басты себеп мынада: кітап беруші адамның халыққа білім жарығын сыйлауы кітап арқылы оқырманның мазасыз ойдан арылып, күдіктен сейіліп, бақыттың, ләзаттің шынайы сәттерін сездірте алатыныма сенімдімін.

                                                                       Динара Сексенбаева ОКЖ-нің  

                                                            Балалар мен жасөспірімдер кітапханасының  

                                                                                                                                                      кітапханашысы

                                                                          Шарайна.- 2014ж. -18 сәуір(№15).- 4 б.

 

                                                   

                                                     

                              « Кітапханаға келгенде мен қандай едім...» -Эссе


           
Шынымен де, кітапханаға келгенде мен қандай едім деген сұраққа жауап бермес бұрын, кітапханашы мамандығына қалай келгеніме қысқаша тоқталып өтсем, «Әке көрген оқ жонса,ана көрген тон пішер» демекші, мен  анамның жолын қуып кітапханашы мамандығын таңдап, 1997 жылы Сәтбаев мәдениет училещесін «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша тәмәмдағаннан кейін  2005 ж. Сарыарқаның төрінде Жезқазғанның көгінде орын тепкен М.Әуезов атындағы кітапхананың №5 Кеңгір селосындағы филиалында еңбек жолымды бастадым. Сол кезде қалалық кітапханадан Кеңгір ауылымызға оқырмандар сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында жылжымалы кітапхана  ретінде жұмыс істедім. Оқырмандардың сұраныстарын орындап, қалалық кітапханаға жаңадан түскен кітаптар мен мерзімді басылымдарға «Танысыңыздар, жаңа кітаптар», «Келіп қара балалар, жаңа кітап, журналдар» атты кітап көрмелерімен таныстырып отырдым.   2007жылдың сәуір айынан бастап  №5 Кеңгір селолық кітапхана филиалы болып ашылғаннан бері  кітапханашы болып еңбек еттім. Селолық әкімшілік ғимаратының ішіндегі кішкене бір бөлмеден орын берілді.  Сол кездегі кітап қоры – 2081дана болса, қазіргі таңда 6085 дананы құрайды, мемлекеттік тілде – 4475дананы құрайды. Ауыл оқырмандары үшін 39 дана мерзімді басылымдар алынуда оның ішінде балаларға арналған 11 дана мерзімді басылым алынады. Елбасының жылдағы дәстүрлі Жолдауында мәдениет саласы да ұмыт қалмайды, жыл санап кітапхана сөрелері жаңа кітаптарға көбейіп келеді. Міне, Елбасының Жолдауы осының айғағы. Кітап – білім бұлағы. Кітап білімнің қайнар көзі демекші яғни кітапсіз өмір сүру ХХI ғасырда мүмкін емес екендігі мәлім. Кітап дәл мәнді білім береді, ол адамды терең ойлауға жетелейді. Әр адам кітаптың бетін ашқан сайын әлемнің тылсым табиғатын, жаңа құндылықтарын үйренеді деп ойлаймын. «Наданмен  дос болғанша, кітаппен дос бол» деп текке айтылмаған. Кімді де болсын білімділікке сәл-пәл болса да құштарлығын дамытуға көмектеседі. Кітап оқыған адамның шетте қалмасы анық. Осы уақыттарда түрлі қалалық іс-шаралардың басы-қасында жүре отырып, көп нәрсе үйрендім, библиографиялық жұмыстар жүргізуді,  жалпы алғанда теория мен қатар тәжірбиені ұштастырып отырдым. Ауыл әкімдігі, Ардагерлер кеңесі, Кеңгір селолық №2 орта мектебі, ауыл клубымен тығыз байланыста отырып, мәдени іс-шараларға қатысамын. Ұлт мәңгілігін қамтамасыз ететін үрдісте әдебиеттің алар орны ерекше. Осы міндетті жүзеге асыру ешқашан ойымнан шыққан емес, өз мамандығыма деген ерекше құштарлық, мені әркез оқып-үйренуге жетелеп отырады. Білім-біліктілік қасиетін арттыру мақсатында 2009-2011жылдар аралығында М. Әуезов атындағы  Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетін ойдағыдай аяқтап «Кітапханатану және библиография» мамандығын алып шықтым.  Міне кітапханаға келгенде қандай едім... ал, қазір мен бұл маманықты игергелі оқырмандарымның сұраған мәліметтерін тауып беру ғана емес, олардың әрбір талап-тілектерін орындау, жүрегіне жол табудан асқан бақыт жоқ деп есептеймін. Кітапхана іші заман талабына сай жабдықталған.  Кітапханадан мектеп алды даярлық тобынан бастап зейнеткер қарияларға дейін кітап алуда. Кітапханаға келген әр баланың жасына сай, тіліне жатық, көркем әдеби кітаптарды таңдауға кеңес беремін. Бүгінгі таңда жаһандану,инновациялар мен озық технологиялар дәуіріне аяқ  басып  тұрған уақытта ауыл кітапханасында заман талабына сай жаңашылдық инновациялар қызмет түрлері жетілдірілген. «Рабис» бағдарламасы, телефон желісі, ғаламтор желісі орнатылған. Заманауи техника, қазіргі уақытта ауылымызда кем емес. Өткен жылыдың желтоқсан айында ауыл клубы бой көтерген әсем ғимаратқа қоныс аударды, кітапхана кеңейіп 3 бөлмеден тұрады. Бұл ауыл тұрғындарына өте жақсы болды.  Оқу залы, абонемент, балалар кітап қоры бөлек бөлімде орналасқан  және кітап қорын сақтау бөлмесі де бар. Келеген оқырмандарға  жарық, әсем оқу залында оқып, керек мәліметтерін жазып отыруға жағдай жасалған. Осы орайда оқырмандардың кітапханаға деген құштарлықтары артып келеді десе де, сұраныстар интернет желісі арқылы да қанағаттандырылып отыр.  Осындай жетістікке жеткізіп, кәсіби маман ретінде бағыт-бағдар беріп, кітапхананың мәртебесін арттыруға орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Ш.Қ. Капкееваның және ұжымының арқасы деп білемін. Жыл сайын оқырмандарымның саны да артып келеді, бұл мен үшін көңіл қуантарлық жағдай.  Елімнің одан әрі дамып, «Мәңгілік елге» айналуды мұрат тұтқан  «Қазақстан - 2050» стратегиясын жүзеге асыруға өз үлесімді қосуға бойымдағы бар мүмкіндігімді аянып қалғым келмейді. Өйткені, елдің гүлденуі біздің әрқайсымыздың елімізге қаншалықты еңбек еткенімізге байланысты.

                                                                                                                                                                                                                                                                                                              Назира Смағұлова

                                                                                        №5 Кеңгір селолық кітапхана-  филалының кітапханашысы

                                                                                    Мысты өңір.- 2014ж.- 25 сәуір(№17).- 2 б.

 

 

   

Даналық мекені

 (Эссе)

2009 жылы      Ө. Байқоныров атындағы экономика және менеджмент мамандығы факультетін тәмәмдап диплом алып шықтым.2011 жылы С. Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесіне «Кітап қорын толықтыру» бөліміне жас кітапханашы болып қызметке тұрдым. Білікті басшымыз Шарипа Құрманқызының білімі мен ұйымдастырушылық қабілетінің  арқасында көп тәжірбие алдым. Қазір М.Әуезов атындағы кітапхана-филиалында кітапханашы болып еңбек етіп келемін.

 Ұжымдағы тәжірбиелі кісілердің көмектеріне сүйене отырып, қасиетті ордадағы киелі істерменен  өз қолтаңбамды қалдыра бастадым. Кітапханамызға зейнеткерлер, студенттер мен оқушылар көп келеді.Үлкен кісілер көбіне көркем шығармаларды қаласа, жастар білім, ғылым, техника жөнінде қөп сұраныстар жасайды, олардың талап тілектері де орасан зор. Сондықтан ұжым мүшелері де асқан біліктілікпен қызмет көрсетуге ұмтылып,үнемі ізденіс үстінде жүреміз.Семинарларға қатысамыз,өзара пікір алмасамыз және қалада өтетін мәдени іс-шараларға қатысып,жылжымалы кітапханаларға барып, оқырмандардың оқуға деген құштарлығын арттыру мақсатында жаңа кітаптарды,электрондық кітаптарды  насихаттаймыз. Осының бәрі маған үлкен сабақ болды.Кітапхана ақпараттандыру көзі ғана емес жақсы мен жайсандардың бас қосатын тәрбие орталығы десем де қателеспеймін.Танымал ақын-жазушылар,мәдени қоғам қайраткерлері, қаламыздың 60 жылдық тарихында ерен еңбегімен сый-құрметке бөленген белгілі тұлғаларды жиі-жиі қонаққа шақырамыз. Осы кісілердің ғибратты әңгімелерінен өнеге алатын оқырман жастарымыз өз ойларын ортаға салып отырады.

            Алғаш кітапханаға келгенде қандай едім,жүргізуші,көріністегі ролдерді сомдау дегеннен мүлдем бейхабар едім,ал қазір студенттер, колледж, мектеп оқушыларымен  кездесулер,кештер өткізіп, кітапхана арасындағы сайыстарда көрініс көрсетіп қызығы мен қиындығы қатар жүрген кітапхана жұмысын тез игеріп кеттім.

              Иә, менің бір кездері жүрексініп аттаған кітапханамда еңбек еткелі не бәрі екі жылдай ғана уақыт өтті. Бірақ өзімді баяғыдан жұмыс істеп келе жатқандай сезінемін. Оған біріншіден, ұжымы қолдауы, ұйымшылдыққа себеп болса, екіншіден өзімде осы мамандығымды қатты құрметтеймін. Ал, енді талғампаз оқырманның талап тілегі, үлкен сұранысты жұмысымызды ширатып, біліктілігімізді арттыра түсуге ықпал етті.

            Кітапхана - даналық мекені.Себебі,мұнда жинақталған кітаптар рухани байлық,терең білім сыйлайды.

            Қазіргі жастар заманауи интернет-технологияны, компютерді, электронды кітаптарды оқумен бірге, кітапхана оқу залдарына келіп кітаптарды  өз қолдарымен алып оқығанға не жетсін!

Жұршылықтың дүниені танып- білуіне  еңбек сіңіріп келе жатқан осындай кітапханалардың көмегімен, заман ағымына сай халқымыздың рухани санасын оятуға ұмтылсақ деймін. Сондықтан, мен өзім кітапханалардың болашағына сеніммен қараймын.

                                                                                                                   Гүлнұр  Жұманова

                                                     М.Әуезов атындағы кітапхана-филиалының

                                                        жас  кітапханашысы

                                                    Сарыарқа.- 2014ж.- 18 сәуір(№15).- 6 б.

 

 

  

Кітапханашы – парасатты мамандық

   Қарағанды қаласында  жоғары оқу орнында оқып жүргенімде Н.В.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапханасына оқырман болып жүргеннен бастап кітапқа деген қызығушылығым оянды. Сол қызығушылығымнын арқасында  Жезқазған қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы кітапханаға жұмысқа орналастым. Бұрын кітапханаға келіп кітап алғаным болмаса кітапхана сырын толық білмедім. Кітапханада  оқырмандарға құр  кітап беру  ғана емес , ғаламтор арқылы да  басқа пайдаланушыларға  кітапхананың  қорымен  жұмыс  істеуге  мүмкіндік  бар екенін түсіндім.  Онда  оқырмандар кітап, мерзімді басылымдар, және электронды басылымдарды оның ішінде аудиокітаптарды алып тыңдауға  және  өнердің  бірегей  шығармаларымен танысуға  мүмкіндік  бар екендігіне көзім жетті. XXI ғасырдағы қоғамдық өзгерістер, қазіргі мәдени шаралар -адамзаттың ашық ақпараттық қоғамға өтуі кітапханада үлкен өзгерістер енгізуде. Мәдени шаралардың бастылары - қоғамның ақпараттануы,  компьютерленуі бір сөзбен айтқанда заңды түрде цивилизациялануы кітапхана жұмысын жаңа деңгейге көтерді. Оқырмандарымыз қызығушылық танытып, құмартып кітап қарайтын орны белгіленген және арнайы тақырыптар бойынша көз тартатындай  терең мазмұнды ашық көлемді кітап көрмелерінің ұйымдастырылғанын байқадым. Кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімінде редактор болып жұмыс жасаймын. Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды дегендей, егеменді мемлекетіміздің болашағы жастардың мәдени танымдық қабілетін қалыптастыратын мәдени ортаның бірі кітапхана болып табылатынын бүгінде білмейтін адам кемде кем. С.Сейфуллин атындағы кітапхана қоры 2004 жылдан бері «Мәдени мұра», «Әдебиеттің әлеуметтік  маңызды түрлерін басып шығару» «Мемлекеттік тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020» жылдарға арналған мемлекеттік  бағдарламасы аясында,  мемлекеттік тапсырыспен  облыстық департаменттен келіп түскен жаңа кітаптарды РАБИС бағдарламасы бойынша электронды каталогқа енгізумен айналысамын. Жаңа түскен кітаптардың ішінде ең құнды әдебиеттерді атап өтсек, «Бабалар сөзі» 1-93 томы, «Қазақтың батырлық жырлары»,«Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» және «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні»  .электрондық нұсқадағы антологиялары да бар. Жерлесіміз  Т.Қалмағанбетов атындағы қалалық филармониясының  әншісі Ғалым Мұхамединнің  әндері де «Қазақтың дәстүрлі 1000 әніне» енгізілгенін мақтанышпен айта аламын. Сонымен қатар  «Алтын қалам» топтамасы  бойынша шығарылып жатқан  ақын, жазушылардың шығармалары да , 2011 жылдан бастап Жезқазған қаласы әкімдігінің тапсырысымен «Ұлытау кітапханасы» топтамасынан     Қарағанды қаласындағы  «АРКО», «ЭКОЖАН»ӨК  баспаларынан      шыққан кітаптарға «Бір өлке –бір кітап» акциясы бойынша кітапханамызда жерлес жазушыларымыздың кітаптарын насихаттауда іс-шаралар өткізіліп отыр. Атап айтсақ: Ә.Әміралиннің 100 жылдығына орай «Арқада туған алып» кітабынан «Көңіл иірімдері» өлеңін оқыдым, Өмірбек Мұқановтың  «Бабалар тағылымы» атты кітабының тұсау кесерінде  салт-дәстүрге байланысты мед бибінің бейнесін сомдадым. «Көркем әдебиет - өмір айнасы», «кітап – білім бұлағы» дейтін теңеулерді ХХ ғасырдағы ақын-жазушылардың  айтқаны есімде. Ал, бүгін ақпараттық технология дамыған ХХІ ғасырда әр үйде теледидар, радио, компьютер, ғаламтор яғни ақпарат алудың кітаптан басқа  да жүйесі  дамып келеді. Бірақ, рухани өмірге тереңінен бойлайтын кітаптарды, соның ішінде тарих пен мәдениетке қатысты әдеби туындыларды ақпараттық технология арқылы таратылып жатқан жаңалықтар немесе ондағы қысқа хабарлармен теңестіруге болмайды. Себебі көркем туындының алар орны биік. Сондықтан  орталықтандырылған  кітапхана жүйесі С.Сейфуллин атындағы кітапхананың  тыныс тіршілігін көзіммен көріп кітапханаға келгендегі кезімнен үлкен өзгеріс байқалғаны сезіледі.  Жазылған бұл мақала жаңадан түсіп жатқан  кітаптардың оқырмандардың талғамы, кітапхананың қазіргі жағдайы жөнінде өрбітіп кітапханаға келгендегім жайлы жаздым.  Кітапханашы болғаныма мақтанамын. Өйткені кітапханашы – мақтан тұтар мамандық.Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті,  мейірімділікті қажет ететін мамандық та – кітапханашы мамандығы. Олай дейтінім, осындай қызығы да, қиындығы мол мамандықты мен де таңдадым. Менің  түсінігімдегі  кітапханашы – рухы таза,  ой – өрісі  биік,  ұлты  мен Отанының  болашағы  үшін  тер  төгіп,  шыдамдылық пен та­бандылықтың  үлгісін  көрсетуші.  

                                    Гүлсара Құрманбаева

                          С. Сейфуллин атындағы кітапхана

        Кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімінің  редакторы  

                    Сарыарқа.- 2014ж.- 18 сәуір(№15).- 6 б.

 

 

   

Киелі орда

            Елбасының «Қазақстан - 2050» бағдарламасында: XXI ғасырда білімсіз өмір сүру мүмкін емес, халықты сауатты да салауатты өмірге бағыттауымыз керек» деген сөздері бүгінгі ұрпақ, ертеңгі ел азаматтарына білім мен тәрбие берер жандарға міндеттелген тапсырма іспетті. Бүгінгі күні жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбиенің өз мәнінде сапалы болуы бірінші кезекте тұрғаны анық. Осыған орай еліміздегі бірден – бір руханият ордасы – кітапханалардың алатын орны ерекше.

        Кітапханаға келгенде мен қандай едім... Жаздың аптап ыстығында, ұзақ мерзімді үш айлық демалыстарын өткізіп, көтеріңкі көңіл – күймен мектеп киімдерін киіп, білім ордаларына аяқ басатын күн. 2011 жылдың 1 қыркүйегінде мен де бір толқып, бір қуанып осы білімнің қара шаңырағы – кітапхана есігін бұрын соңды оқырман болып ашсам, бүгінде осы кітапхана табалдырығынан кітапханашы болып аттадым. Қарсы алдымнан жүздерінен мейірім төгілген кітапхана қызметкерлері, кітапқа толы сөрелер, мен мұндамын, кел де оқы, болашағына жол аш деп тұрғандай болды. Сол күннен бастап кітапханадағы менің жаңа өмірім басталды. Құтты бір ертегілер әлеміне кіргендей әсерде болдым.

        Кітапханаға күнделікті жас ерекшеліктері әртүрлі оқырмандар келіп тұрады. Олардың сұраныстары да әр қилы. Зейнеткерлер әр түрлі әдеби кітаптар оқып сусындаса, қызметкерлер, мектеп оқушылары,студенттер өз салаларына қатысты дерек көздерін осы кітапханадан тауып жатады.

        Дегенмен, қазір жастар заман ағымына қарай білімді ғаламтордан іздеуге бейім. Онда шынымен көптеген сұрақтарға жауап таба аласың, бірақ оның кітаптағы мағұлматтардан айырмашылығы бар екені де белгілі. Ғаламторға мәліметтерді кез – келген адам енгізе алады және ол білім алудың ең оңтайлы түрі болып табылады. Ал қажетті мағұлматтарды кітаптан жан-жақты ізденетін болса, адамның оқуға, білімге деген ынтасы да артады деп ойлаймын. Себебі кітап - әйгілі ғалымдардың зерттеп жазған еңбегінің жемісі, білімнің сарқылмас бұлағы.

        Сонымен қатар «Кітап – білім бұлағы» демекші, осынау білімнің тұнық та мөлдір бұлағынан шәкірттерді сусындатып, олардың рухани дүниесін молайтып, тағылымы мен тәрбие ошағына айналып отырған кітапханамызда заман талабына сай ақпараттық технологиямен, ғаламтормен жұмыс жасауға бейімдеп, қазіргі заманға сай оқырмандардың ойын ұшқырлайтын оқырман конференциясы, поэзия сағаттары, түрлі тарихи – танымдық кештер, мерекелік кештер, кездесу кештері өткізіліп тұрады.

        Өткізіліп жатқан іс – шаралардың барлығы да бейнероликтардың көрсетілуімен өтеді. Оқырмандармен бірге электронды оқулықтармен жұмыс жасауға мүмкіндігіміз бар. Оқырмандардың ақпаратқа деген сұранысы жоғары.

        Кітапханаға оқырмандарға қызмет көрсету бөліміне кітапханашы болып келгенде мен мүлде басқа адам едім, ал қазір рухани бай,сауатты, жан – жақты тұлға болып қалыптасып келем. Әрине үйренерім әлі алда.

        Құрметті көзі ашық, көкірегі ояу менің замандастарым, ата–әжелер, аға–әпкелер, іні-сіңілілер! Сіздерді осы әсердің бәрін өз бастарыңыздан өткізіп, жақсы кітап нәрімен сусындап, рухани демалуға Жезқазған қаласы, Есенберлин көшесі 9«А» бойында орналасқан Сәкен Сейфуллин кітапханасына оқырман болып келуге қызықты да ойлы кітаптар оқуға шақырамыз! 

                                                                                                            Өтебаева Ғалия

                                                                  Сәкен Сейфуллин атындағы кітапхана кітапханашысы

                   Сарыарқа.- 2014ж.- 25 сәуір(№16).- 9 б.

 

 

 

  

  

 

«Алғашқы кәсіптік тәжірибеден өткен алтын ұямда, қонған тұғырымда - кітапхана...»

                                                                                                        Ғалым болмай немене,                                                                                                                    Балалықты қисаңыз?                                                                                                                      Болмасаң да ұқсап бақ,                                                                                                                   Бір ғалымды көрсеңіз.                                                                                                                                                                                                                                                                                            Абай.  

Қилы-қилы ғұмыр кешкен қазақтың кешегі тарихы ұшан-теңіз дүние. Солардың бәрі болмағанымен

 бірсыпырасы дариядай шалқыған кітап беттеріне түскен. Көптің қалауына қарай кітап беттерінде жатқан сырларды ақтарып парақтау да оңай тірлік, жеңіл-желпі шаруа болмаса керек. Жалпы кітапханашы өзі біле-білгенге ең ұлағатты оқырмандарына да, әріптестеріне де дарытатын кітапханашы табиғатында сирек ұшырасар осынау «адамдық диқаншылықтың» (А. Байтұрсынов) барша қасиетін саралай, сараптай келгенде, «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлғаның, адам шын сүйсінер маңғаздық пен дегдарлық, өмірді ерекше сүйіп, әр мезетін кәделі бағалай білетін жан өз өнерінің жемісін беріп келетіндігіне, асыл дәнін егіп келетіндігіне көзім әбден жетіп, ерекше сүйіспеншілікпен қабылдаймын. Адамның тұлға, азамат ретінде қалыптасуына қанында бар, құдай берген қабілетімен қоса, өскен орта, көрген тәрбие, алған білімі, түрлі әлеуметтік саяси жағдайлар әр қалай, әр шамада ықпал етпек. Менің де тағдырымда солардың бәрі себеп-салдар болып, айшықты ізін қалдырды.ел тәрбиесінің негізгі тұнбасы екендігінде сөз жоқ. Қалған дүниедегі бүкіл адамгершілік, мәдениеттілік, парасаттылық жаратылыстардың бәрі де арғы тегінің құйттай болса да қасиетті ұрығынан өрбитіндігі қалың елге мәшһүр жайт. Кітапханашы  шексіз дарынын, ынталы қуатын, тамаша іскерлік пен кісілікті мінезін оқырмандарына да, әріптестеріне де дарытатын кітапханашы табиғатында сирек ұшырасар осынау «адамдық диқаншылықтың» (А. Байтұрсынов) барша қасиетін саралай, сараптай келгенде, «сегіз қырлы, бір сырлы» тұлғаның, адам шын сүйсінер маңғаздық пен дегдарлық, өмірді ерекше сүйіп, әр мезетін кәделі бағалай білетін жан өз өнерінің жемісін беріп келетіндігіне, асыл дәнін егіп келетіндігіне көзім әбден жетіп, ерекше сүйіспеншілікпен қабылдаймын. Адамның тұлға, азамат ретінде қалыптасуына қанында бар, құдай берген қабілетімен қоса, өскен орта, көрген тәрбие, алған білімі, түрлі әлеуметтік саяси жағдайлар әр қалай, әр шамада ықпал етпек. Менің де тағдырымда солардың бәрі себеп-салдар болып, айшықты ізін қалдырды.

    Арман арқалаған, көкіректі тербеген жастық албырттық алып ұшқан ізденісінің әсері ме екен, «Жер шоқтығы», «Арқаның кербез сұлуы» атанған киелі Көкше топырағына ат басын бұрып, «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» хакім Абайдың осы бір даналық сөзін пір тұтқан мен кітапханашы мамандығын таңдадым. Сөйтіп, 2010 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін үздік тәмамдап, жас маман ретінде мыс шаһарындағы С.Сейфуллин атындағы кітапханада алғашқы жұмыс қызметімді бастадым. Сол күннен бастап кітапхана өмірі – көзге біліне бермейтін ағысы баяу, тулаған толқындар ішінде жататын өзгеше өмір сияқты көрінетін маған. Мен сол өмірге бойлап, киелі шаңырақтың қасиетін, кітапханашы мамандығының қыр-сырын аңғара бастадым. Осы мамандықты өз өміріне серік еткен адам рухани байлыққа кенеліп, өзгеге білім сыйлап, жоғары мәдениеттілікке баулитына менің көзім жетті. Менің кәсіби өмірімнің әрбір күні қызықты, мағыналы және жаңалыққа толы болып өтеді десем артық айтқандық емес. Өйткені кітапханашы мамандығы тікелей әдебиетпен, әр елдің мәдениетімен, дәстүрімен күнделікті болып жатқан өзгеріс, жаңалықтармен байланысты. Осының бәрін өз жұмысым арқылы біліп таныдым. Кітапхана мәңгілік парасаттың ең биік, ең киелі ғимараты болса, кітапханашы сол рухани қазынаның шырақшысы мен ақыл-ой әлеміндегі жол сілтеушісі. Кітапханашының еңбегі жұртшылықтың назарынан тыс қалып, көзге әрқашан іліне бермесе де, қоғам мен мемлекеттің дамып-өркендеуіне өте қажет әрі маңызды мамандық екені даусыз. Барыс бейнелі болашаққа ұмтылған мемлекетіміздің әр жетістігі, әрбір жеңісі уақыт өткен сайын ел қуанышына негіз болып келеді.Осынау ақпарат заманында нар көтермес жүкті көтеріп, бүгінгі күннің, заманның басты кейіпкеріне айналып жүрген мамандық иесі - біздер, кітапханашылар. Қызықты да жауапты жұмысты атқаратын кітапханашылардың, яғни біздің алға қойған мақсатымыз бен мүддеміз – ертеңі бар елдің жастарын, өркениет әлеміне бастап жол көрсету,мәдениет көшінен қалдырмай, соңымыздан тәрбиелі, білімді ұрпақ қалдыру ісіне ықпал ету. Әр адамның жүрегіне ыстық, жанына жақын ортасы болады. Мен үшін сондай нұрлы да шуақты орта – кітапхана. Алғаш кәсіптік тәжірибеден өткен алтын ұям да, қонған тұғырым да – кітапхана.

 

                                       Әсел Бірәліқызы 

                                               С.Сейфуллин атындағы кітапхананың

             оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы  

       Мысты өңір.- 2014ж.- 1 мамыр(№18).- 11 б.

 

 

«Алтын сандықтар» қоймасы.

ЭССЕ

  Бүгінде ақпараттар толқынының біздің өміріміздегі ең маңызды құбылыс екеніне күмән келтірмейміз. Ақпараттардың пайда болуының да, таралуының да тездігі сонша, оны іріктеу мен қабылдау күрделене түсуде.

  ХХI ғасыр руханият, мәдениет, ақпарат ғасыры екені әлемдегі адамзатқа белгілі және  оны мойындауда. Қай қоғамның тұрақты дакмуында мәдениеттің алар орны зор екенін алға тартсақ, біздің рухани тынысымыздың өзекті мәселелерінің бірі кітапханашылар жағдайы.

  Кітапхана – руханияттың риясыз символы. Бұл мекемеге ешкім пенделік оймен келмейді, мұндағы қызметшілер де кітаптардағы жағымды кейіпкерлердей. Алайда, кітапхана тіршілігіне қызығып қарайтындар да көп емес. Сондықтан, осынау томаға-тұйық мекеменің тыныс тіршілігімен танысып, мамандығымды кітапханашылық қызметке өзгерттім. Қаламыздағы С.Сейфуллин атындағы кітапханаға барып, кітапханашы апайлардың күнделікті жұмысымен танысып қайттым. Басқа салаға қарағанда, кітапханашылардың жұмысы маған да ерекше әсер етті. Кітапхана – қасиетті орын, тәрбие құралы, қазына қайнары. Осынау сөрелері кітапқа сыңсыған мекеменің небір газет-журналдар тізіліп тұрған «рухани қазына аралында» жүріп, материалдық жағдайды ойлай да алмайды екенсің.

 Бұрын тек оқырман ретінде келіп-кетіп жүргендіктен кітапханашының жұмысына көп мән бермейтінбіз. «Кітап беріп тұрудың не қиындығы бар?»- деуші едік. Десек те, бұл жұмыстың да өзіндік ерекшелігі бар болып шықты. Қазіргі оқырмандар қандай кітаптар оқиды екен деп ойладым да, олардың тапсырған кітаптарын саралап шықтым. Әлі күнге дейін оқырмандар қолынан түспейтін Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары», М.Әуезовтың «Абай жолы», С.Торайғыровтың шығармалар жинағы, І.Жансүгіровтың «Құлагер», Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» атты кітаптары оқырмандардың бірінен кейін бірі алып қызығушылықпен оқитын кітаптары болып шықты.   Сондай-ақ, аталмыш кітапханада оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі, әдістемешілер бөлімі, дәстұрлі электронды каталогтарды реттеп отыратын библиограф қызмет жасайды екен. «Электронды каталогта» қазіргі заманауи талаптарға негізделініп, кітаптардың электрондық нұсқасы тіркелген.

 Бүгінгі таңда, қала кітапханалары қала тұрғындарына мәдени-әлеуметтік қызмет көрсетіп, мәдени демалыс орталығына айналды. Оқырмандардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруда түрлі тақырыптарда көпшілік шаралар ұйымдастырылуда. Оқырмандарды кітапханаға тарту жұмыстары зор қарқынмен жүргізіледі. Ілім-білім бұлағы кітап атаулының шоғырланған мекемесі – Кітапхана  адамзат баласын рухани тыныс тіршілігінің айнасы іспетті. Кітап – адам баласының ақыл ойын сақтар, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын, білім және тәрбие беретін құрал. Кітап – сенің ақылшың, досың, сырласың. Кітап оқи білу адамның есте сақтау, түсіну, ұмытпау қабілеттерін арттырады. Бұл кітаптар қайдан шығатынын, онда қаншама кемеңгер адамдардың ойлары, зерттеулері, пікірлері т.б. сақталатын қол жетпес алтын сандық десек те артық болмас.

  Мен, кітапханашы мамандығының адамдарға аса қажеттілігін осы кітапханаға келген соң сезіндім десем, өтірік айтқаным емес. Мұнда әр оқырманмен жеке жұмыс жүргізуге мүмкіндік бар. Өзіңнің оқырманға қажеттілігіңді күн сайын дерлік сезінесің. Осы сезіну жұмысқа деген жауапкершілігіңді, ынтаңды арттырады.

  Инабатты да, білікті, еңбекқор, табиғатынан зиялы, кез-келген қиындыққа қарсы тұра алатын кітапхъанашы әріптестерімнің игілікті ісі қоғамға қажет-ақ.

  Білім бұлағының қайнар көзі – кітапханалар сарқылмай, өрлеп, өркендей берсін!

 

                       Жанель Мұқашова

                               С.Сейфуллин атындағы кітапхананың мұрағатшысы

                                   Мысты өңір.- 2014.- 18 сәуір (16).-11б.

                                                                                                                                                          

   

 

    Мен кітапханаға келгенде қандай едім...

 «Алуан-алуан кәсіп бар,

Таңдай білде талап қыл»,

- демекші алғаш тоғызыншы сыныптан соң, Жезқазған гуманитарлық колледжінің  «Іс қағаздарын жүргізу мен мұрағат ісі» мамандығы дипломымен кітапханаға келген едім. Мен кітапханаға келгенде еңбек өтілім жоқ, колледж бітіргеніме жылға таяп қалған еді. Университетке түсіп оқуымды жалғастырдым. «Қай істің өнуіне болсын үш шарт бер. Ең әуелі ниет керек, одан соң күш керек, одан соң тәртіп керек», - деп қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов сөзін өзімнің күнделікті ісіме мақсат ете отырып, кітапхана жұмысын меңгеруге кірістім десе де болады.   2012 жылы Қарағанды қаласында өткен «1-інші Жас кітапханашылар форумына» қатысу кітапхана ісін үйренуге деген үлкен тәжірибе болды. Форумда «Құнды кітаптар әлеміне саяхат» атты жобаны қорғап 1 орын алуыма ОКЖ-нің директоры Ш.Қ  Капкеева және  «Кітап қорын ұйымдастыру мен пайдалану» бөлімінің меңгерушісі А.Н.Райқұлқызы көп еңбек сіңірді. Содан кейін 3D көрмелер,  Flash видеолар, cайтпен жұмыс жасауға және т.б бағдарламалар үйренуге деген қызығушылығым арта түсті. Мамандықтың кез-келгеніне икемділік қажет екендігін ескере отырып, компьютермен жұмыс жасауды жетілдіру керектігін түсіндім. Үздіксіз білім алу өмір талабы, сондықтан жоғары білім алуды, үнемі ізденісте жұмыс жасау арқылы ел кәдесіне жарағандығыңды сезіну үлкен бақыт.   Ал қазіргі уақытта «Кітапхана ісін автоматтандыру» бөлімінде бағдарламашы болып қызмет атқарамын. Әрине,  кітапханаға алғаш тұрғандағы жылдар мен қазіргі уақытты салыстыра қараса көптеген айырмашылықтар байқауға болады. Себебі кітапханада жұмыс істеу арқылы білімімді жетілдіре түскенімді, яғни кітапхана ісі мен қатар компьютерлік бағдарламаларды үйрендім. Бұл әлі бастамасы деп білемін. Ойымды мына өлең жолдарымен қорытындылағым келеді:

Дейді ойшылдар «Кітап – білім бұлағы».

Кітапхана - сол кітаптар тұрағы.

Көп үйреніп, көп оқыған баланың,

Анық жанар білімпаз боп шырағы.

                                                                                                   Джумадуллаева Манат

Кітапхана ісін автоматтандыру бөлімінің жетекшісі     

 

 

 

Өз ой-пікіріңізді білдіріңіз

Сіз қонақ ретінде ой-пікір білдіре аласыз

0

Ой-пікір білдіргендер

Load Previous Comments