«Ақ жаулықты ардагер аналар»

кездесу кешінің сценарийі

Өтетін орны: С.Сейфуллин атындағы кітапхана, мәжіліс залы

Өтетін уақыты: 25 тамыз 2016 жыл. Сағат: 11:00

Мақсаты: Елдің барша азаматтарын «Ақ орамал» акциясын өткізуге қатыстыру арқылы олардың этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру.

Жүргізуші: Армысыздар құрметті қонақтар, озық ойлы оқырмандар, ақ жаулықты аналар, еңбек ардагерлері! Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. XXI ғасыр» манифесін ілгерілету және Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуын атап өтуіне орай Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар Кеңесінің басшылығымен ұйымдастырылып отырған «Ақ oрамал» республикалық акциясын қолдау мақсатында  өткізілгелі тұрған «Ақ жаулықты ардагер аналар» атты кездесу кешіне қош келдіңіздер! Акцияның мақсаты – елдің барша азаматтарын «Ақ орамал» акциясын өткізуге қатыстыру арқылы олардың этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру болып табылады.

Жүргізуші:Акцияның «Ақ орамал» атану себептеріне тоқталар болсақ, қазақ тарихында оның философиялық мағынасы терең. Ақ түсті халқымыз тазалықтың, адамның ақыл-ойы мен жан дүниесінің тазалығы ретінде таныған. Адамзат өмірінің негізі болып саналатын ананың ақ сүті — өмір символы. Абыройдың, аманатқа адалдықтың белгісі. Аталмыш шараның негізіне ата-бабаларымыздың ежелгі дәстүрі, яғни, ел мен елді татуластыру салты алынған. Міне, осындай ізгі дәстүрді ел есіне оралту арқылы қоғамның барлық мүшесі мен әр азаматтың бейбітшілік пен тұрақтылықтың сақталуы жолындағы жауапкершілігін арттыру көзделген.

Жүргізуші: Алғашқы құттықтау сөз кезегі рухани ырыс сыйлайтын Жезқазған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрлыбаева Салтанат Сүлейменқызына беріледі.      

Жүргізуші:Қазақ дүниетанымында ақ орамалдың түсінігі өте зор. Шексіз мейірімділік, дүниеге жаңа келген тіршілік иесіне нұрын шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқап өмір себуші асқақ құдірет иесі, адам сәулетшісі – ол, әрине ақ жаулықты  аналарымыз. Алтын құрсағынан адамзаттың алабы жаратылған ақ жаулықты аналар бүгін бізде қонақта. Олай болса, ақ жаулықты ардагер аналарымызбен таныс болыңыздар:

1.Бисембаева Зоя Есімсейітқызы – ұлағатты ұстаз, зейнеткер

2. Молдағалиева  Шүкір - ҚР Білім беру ісінің үздігі, зейнеткер

3.Кариева Кәбира Кариқызы – мәдениет қайраткері,  кітапхана саласының ардагері

4. Ыдырысова Рахыш Нәшкенқызы – ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, білім саласының ардагері.                                   

5. Утебаева СарсенкүлӘбләйісқызы  - көп балалы ана, зейнеткер

6.  Рашитова Ануара Елеуқызы – білім саласының қызметкері

Жүргізуші: Бүгінгі іс-шараға арнайы шақырылған қонақтарымыз – бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген аналар мен бейнетінің зейнетін көріп отырған еңбек ардагерлері, зейнеткерлер. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Зоя Есімсейітқызы  Бисембаева жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Ол – ұлағатты ұстаз. Себебі ғибратты ғұмырының 38 жылын қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнаған. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген Зоя апайдың өмірі – болашақ үшін үлкен өнеге. Оның қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден оны ерекшелендіреді. Зоя апайдың қайсар мінезі, қазақи ақжарқындығы мен қызметіне деген адалдығы жас мамандар үшін үлгі боларлық. Ол тек қана ардагер ұстаз ғана емес , өз отбасының мәуелі бәйтерегі. 2016 жылғы Қарағанды облыстық «Асыл әже - Дана әже» жүлдесінің иегері. «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі. Қаламызда өткен әжелер сайысына қатысқан. Ұлағатты ұстаз, тәжірибелі тәлімгер, ардақты ана «Ұстаз-ұлылықтың иесі» деген қасиетті сөзге лайық болып, ол кісінің өткен жарқын жолдары мен жемісті жылдары айқын дәлел. Ерен еңбегінің тәтті зейнетін татып отырған ардагер Зоя Есімсейітқызы сөз кезегі өзіңізде.

 

Жүргізуші: М.Әуезов атындағы кітапхана-филиалының тұрақты оқырманы Молдағалиева Шүкір апай Ұлытау өңірінде туып өсіп, отағасы Садықов Ташманмен отбасын құрып, бәйтеректей саялы тамырын жайған үлкен отбасы. Ұлытау, Жезді мектептерінде 20 жыл ұстаздық қызмет жолын бастап, қалаға ауысқаннан кейін 20 жыл «Балауса» балабақшасында меңгеруші болып қызмет істеп, зейнеткерлікке шыққан. 1989 жылы қалада ең алғаш қазақ балабақшасын ашқан. Қазақ тілінің жанашыры. Қазақстан Республикасының оқу ісінің үздігі, Социалистік жарыстың жүлдегері, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 1 жылдық мерейтойына қатысқан Еңбек ардагері. Зейнетке шықса да, қаланың қоғамдық жұмысына белсене араласып, «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі болып жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 4 бала тәрбиелеп, немерелер мен шөберелердің  ардақты әжесі  Шүкір апай сөз кезегі өзіңізде.

 

Жүргізуші: Қазіргі кезеңде мәдениет саласы адамдардың өскелең талабын қанағаттандыруға, рухани байлығын, жалпы қабілетін дамытуға, жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыруға тиісті болса, бұл міндеттерді іске асыруда кітапханалардың алатын орны ерекше. Жас ұрпақтың санасында туған халқына деген құрмет пен мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, тарихы мен өнерін қастерлеп, халықтың салт-дәстүрін аялай білу, тәрбиелеу кітаптың еншісінде. «Мен кітапхананы ақыл –білім , адамгершілік ордасы деп білемін. Ал кітапханашыларды ешқашан жоғалмауға тиісті сол асыл қазынаның сақшылары санаймын» - деп жазушы , қоғам қайраткері Ә.Кекілбаев айтқандай , кітапхана саласының ардагері , табиғатынан зиялы, одақ көлемінде «Отличник культурного шефства над селом» значогімен марапатталған, «Мәдениет қайраткері»,  бірнеше рет селолық, қалалық мәслихатының депутаты болып сайланған, зейнет  демалысындағы   құрметті ақ жаулықты ана Кабира Кариқызы   бүгінгі кездесу кешіміздің қадірлі қонағы.

Жүргізуші: Ұлытау – құт - береке дарыған, бауыры байлыққа табиғаты тарихқа толы, ешбір ұлт пен ұлыстың ортағы жоқ қазақтың қасиетті қара шаңырағы. Бұл жер – ортақ қазан оттан түспей, елдің ырысы үзіліссіз қайнаған, халқымыздың киелі мекені.  Ұлытаудың ғажайып қасиетті жер екенін, осы жерді тіршілігінде мекен еткен, өлгенде торқадай топырағын жамылып, ел бастаған даналарымыз, алыпты тапқан аналарымыздың, қол бастаған баһадүр батырларымыздың жатуының өзі - ақ дәлелдеп тұрғандай. Осындай халқымыздың өмірбаян шежіресінің айнасы Ұлытауда еңбекке, бейнетке толы өмір бар. Арманы биік, жолы бұралаң, жаны адал адамдар бар. Олар қасиетті аймағымыздың тіршілік тамырын жалғастырып жүр. Ел мен ардың алдындағы перзенттік парыздарын өтеуде. Солардың бірі – «Ұлытауға тағзым» кітабының авторы, « Ұлытау қыздары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Фариза Оңғарсынованың  «Ұлытау қызы» атты очеркісінің басты кейіпкері Рақыш Нәшкенқызы жиналған қауымның бойына қуат,  ойына жігер беретін ғибратты ғұмырыңыздың сәттерімен бөліссеңіз.

 

Жүргізуші : Кешегі кеңестік жүйе кезінде әркімнің атқарған қызметіне орай сый- сияпат жасалып, омырауларына орден, медальдар тағылып жататын. Әрине ол дұрыс. Әйтсе де, омырауына бір жылтырақ тақпай-ақ, халық үшін қарапайым еңбек етіп, маңдай терін мың төккен маңғаздарымыздың бірі біздің Арқа өңірінен тұрғыны, № 9 үлгілі-кітапхана филалының тұрақты оқырманы Сарсенкүл Әбләйісқызы ерліктей ер еңсесін еңбектен тапқан апамыз, 30 жылдан астам  байланыс саласы «Қазақтелекомда» оператор болып жұмыс істеген. Ол өзінің қарапайым қызметін халқына қалтқысыз ұсынған жан. Шаңырақтың шаттығын, шуағын да шырайландыратын осы Сәрсенкүл Әбләйісқызы десек артық емес. Отағасы Ғалым ағаймен 40 жыл отасып, 5 бала тәрбиелеп отырған ардақты ана. Олардан өрбіген үрім-бұтақтың өзі аталарымен әжелерінің аузынан түскендей. Ұлдары мен қыздарын жақсылыққа тәрбиелей отырып, аталарының, әжелерінің жақсы істерін олардың бойына қондыра білгендей. Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер дегендей балаларының бәрі жоғары оқу орнын тәмәмдап, әр салада қызмет атқарады. Отбасынан алған тәлімді тәрбие олардың қай салада болса да, марапатқа лайықты еңбек етулеріне жол ашып бергендей болды. Сонымен қатар Сәрсенкүл апайдың шаңырағына келін түсіріп, 4 немеренің қызығын қызықтап отырған аяулы әже.Сәкен апайдың бүгінгі жеті белден асқан жемісті жолындағы жақсылықтарына сүйсінгендігіміз болар. Осындай жақсы адамдар жаныңда жүрсе, маңайың да жадырап, жайнап сала беретіндей. Олай болса, келесі сөз кезегі  Сарсенкүл Әбләйісқызында.

Жүргізуші : № 2 үлгілі - кітапхана филиалының тұрақты оқырманы Рашитова Ануара Елеуқызы Тау-кен колледжінде директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады, отағасы Ғалымжан Жетпісбайұлымен 18 жыл отасып, жарасымды жанұялық ғұмыр кешкен жұп бүгінде 2 баланы тәрбиелеп отыр.Тәжірибелі ұстаздың жүрегі жұмсақ, жаны нәзік. Жетім көрсе – жебеп, жан шуағын төккісі келіп тұрады. Бүгінгі күнде Тау кен колледжінде 35 жетім бала білім алып, тәрбиеленіп отыр. Әрбір бала ата-ана мейірімін аңсайды, ал  сол балаларды тәрбиелей отырып, өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігін ешуақытта да ұмытпайтын Ануара Елеуқызына сөз кезегін берейік.

 

Жүргізуші : Жер-Ананың басынан талай сұмдықтар өткен, өтіп те жатыр. Ол талай қасіретке куә болуда! Сондықтан, «Ақ орамал» акциясының астарында да жұмыр жерді апаттан қорғау, соғыссыз әлемді қолдау, ядролық, химиялық, биологиялық соғыстарға, лаңкестікке жол бермеу үшін аналардың мейірімі мен махаббатына бас иіп, тағзым етудің тұрғаны анық. Ана – әлемнің арашашысы! Ана – тіршіліктің қайнар бұлағы! Сондықтан, шараның мәнін түсінген жан оған қолдау көрсетеді деген сенімдеміз. Қорытынды сөз кезегі Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Капкеева Шәрипа Құрманқызына беріледі.

Жүргізуші : Кешімізді аяқтай келе, баласын сүйген ананың көз жасы тамбасын дегіміз келеді. Ана  жүрегінің қалауы – әлемде бейбіт күн болуы! Қолымызды жүрегімізге қойып, барша ақжаулықты ардагер аналарға бас иеміз! Келесі кездескенше, аман сау болыңыздар.

Құрастырған:                        Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі

                                               С.Сейфуллин атындағы кітапхана

                                              Бірәлі Ә.Б.

Өз ой-пікіріңізді білдіріңіз

Сіз қонақ ретінде ой-пікір білдіре аласыз

0

Ой-пікір білдіргендер