Жезқазған қаласының солтүстік-шығысқа қарай 50 км жерде, Кеңгір өзенінің сол жағалауына, Орда-Базар қаласының іргесіне орналасқан ортағасырлық археологиялық ескерткіш. Күмбезде сақталған таңбаларға қарағанда, оны салуға Жошы ұлысына қараған барлық тайпалар қатысқан. Тарихи дәстүр бойынша күмбез қайтыс болған кісінің жылын беруден бұрын салынатынын ескерсек, онда Жошы хан мазары 1228 жылдың ақпан-наурызына дейін тұрғызылған болу керек.
Жошы хан мазары порталды-күмбезді күрделі құрылыстар қатарына кіреді. Кескіні тік бұрышты, күйдірілген қызыл кірпіш, ғаныш, әк сияқты материалдар пайдаланылған. Аумағы 9,55м х 7,25м. Мазардың басты ерекшелігі – еңселі, салтанатты порталында. Оның маңдай алдын сүйір арка түрінде шығарып, қос босағасын түсетін салмақты еркін көтеріп тұратындай етіп күшейткен. Портал жақтаулары өрнекті кірпішпен безендірілген, киіз үйдің басқұрына ұқсайды. Әшекейлі кірпіштердің ауданы 45см х 45см. Бұл кірпіштерде өрнек, ою да, жазу да болған.
Күмбезді бейіт салу ежелгі – ежелгі дәстүр, көне құрылыс әдістерінің көшпенділер әлемінде терең игерілген түрі. Қабырғаның іш жағынан сөрелеп шығарылған белдеулердің үстінен екі қабатты зәулім күмбез орнатқан. Биіктігі 7м ішкі күмбездің салмағын «жалған еңсе» шығару тәсілімен белдеулерге жайса, биіктігі 8м сыртқы күмбезді он алты қырлы барабанға отырғызған. Жарық кесененің екі жақ бүйірінен барабанның астынан шығарылған аумағы 35см х 55см терезелерден түседі. Күмбез бедерлі қалақ кірпіштермен безендірілген.
Күмбезді қазу кезінде екі қабір табылған. Бірінші қабір күмбездің күншығыс жақ іргесінде орналасқан. Ұзындығы 2,2м, ені 0,7м, тереңдігі 1,2м. Оған жерленген адам тақтай табытқа салынып жерленген.  Сүйектің оң қолы жоқ. Бұл Жошының аң аулап жүргенде құланның айғыры шайнап өлтірді деген ел аузындағы әңгімеге сәйкес келеді. Сондай-ақ қабір ішінен сәнді киімнің және қызыл сафиан етіктің жұрнақтары, тұт жібегінің шіріп кеткен қалдықтары, аңдардың сүйектері мен түйенің бас сүйегі, темір қарулардың қалдықтары шықты.
Екінші қабір Жошының бәйбішесі, Керей хандығының билеушісі Тоғырылдың інісінің қызы Бектумыштікі болуға тиіс. Қабір табаныныа төселген қалақ кірпіштердің біразына «ықпал» деген сөз бірнеше қайтара жазылған.    

Өз ой-пікіріңізді білдіріңіз

Сіз қонақ ретінде ой-пікір білдіре аласыз

0 / 300 Character restriction
Your text should be less than 300 characters
  • Пікір білдіргендер жоқ