Қазақтың қасиетті қорық мекені «Таңбалы тас» жайлы әңгімелердің бір бөлігі жоңғар шапқыншылығы кезеңіне байланыстырыла баяндалады. Шындығына келсек, бұл-тіпті Шыңғысхан заманынан да әріден келе жатқан, мәні мен маңызы жағынан Күлтегін ескерткіштеріне теңеуге тұратын аса құнды жәдігер. Аты аңызға айналған ескерткішті XVIII-XIX ғасырларда Ресейден қазақ даласын зерттеуге шыққандардың арасынан арнайы барып көргендер аз емес.
Көне дәуірлерден қалған осы тарихи мұраны алғаш рет барып көрген және оны өзінің жолсапар жазбаларында атап көрсеткен Д.Телятников. Орта жүздің сұлтаны Бөкейді өздеріне қосып алған А.Безносиков пен Я.Быковтардың Омбыдан Ташкентке шыққан елшілігінің құрамында болған осы подпоручик шеніндегі қазақ офицерінің «Таңбалы тас» жайлы жазба мәліметтері Омбы архивінде сақтаулы. Сапар 1796 жылы болған.
Атақты әскери тарихшы генерал-лейтенант М.И.Иванин 1835-1836 жылдары Орынбор және Батыс Сібір губернаторлықтары  арасындағы Телікөлге дейін созылатын шекара сызығы белгіленгенде «Таңбалы тастағы» белгі-жазуларды көріп, маңызды тарихи ескерткіш ретінде картаға түсіреді.
Петербургтен арнайы келіп, 1840 жылдарда Жезқазған аймағындағы Басқамыр, Аяққамыр, Талмас-ата, Болған-ана, Айтболат және т.б. архитектуралық ескерткіштерді зерттеген профессор А.И.Ширенк «Таңбалы тасқа» арнайы барып, түбегейлі зерделеп, оны «ежелгі тарихтың сирек куәлігі» деп атаған.
«Таңбалы таста» 1890 жылдардың басында болған Омбылық топограф Ю.А.Шмидт: «Биіктігі 47 метрдей терең аңғарда ауданы алты шаршы метр болатын жартас бар. Соның бетінде 445 рудың таңбалары ойылған.  Одан сәл жоғарырақта бұлақ ағып жатыр»,- деп мәнді дерек қалдырған.
«Таңбалы тас» ескерткішін терең зерттегендер қатарында осы Жезқазған жерінің өз тумасы Асанқожа Бекхожин да бар. Атбасар ояздық басқармасында тілмаш болған ол 1895 жылы әскери дәрігер Л.И.Кузнецовпен бірге «Таңбалы тасқа» келіп, жазулар мен белгілерді суретке түсіріп, кейіннен 1927 жылы Орыс географиялық қоғамының жазбаларында «Ақмола губерниясы Атбасар оязындағы Бетпақдала шөліндегі «Таңбалы тастағы жазулар» атты мақаласын жариялаған.
«Таңбалы тасты» 1928 жылы ғұлама ғалым Қ,И,Сәтбаевтың арнайы іздеп баруына А.Бекхожин мен Л.И.Кузнецовтың осы еңбегі басты себеп болған секілді. Оның 1941 жылы жарияланған «Жезқазған ауданының ежелгі тарихи ескерткіштері» атты мақаласында: «Сарысу өзенінің төменгі ағысында, Жезқазған ауданының Таңбалы Нұра деген жерінде, Төсбұлақ атты қайнардың қасында, өзеннің бойынан шығыстан батысқа қарай 20 шақырым жерде тұрған тік жартастың бетінде қазақ халқының құрамына енген барлық рулардың дерлік таңбалары қашалған. Ел аузындағы аңыз дәл осы Төсбұлақ қайнарының қасында рулардың қазақ елін құрған алғашқы тарихи құрылтайы болған дейді. Сол жиынның шешімімен жалпақ жартастың бетіне құрылтайға қатысқан барлық рулар таңбаларын салған», - деп жазылған.
Академик Манаш Қозыбаев: «... Ұлытауда үш жүз тайпалары өкілдерінің қол қойған «Таңбалы тасы» шын мәнідегі қазақтың тұңғыш Конституциясы еді»,- деп жазуында да осындай қасиет қастерге негізделген маңызды мағына, шырайлы шындық жатыр. Сондықтан, қазақтың тұңғыш Конституциясы – Ата Заңы Ұлытауда жазылған деп ауыз толтырып айта аламыз.

Өз ой-пікіріңізді білдіріңіз

Сіз қонақ ретінде ой-пікір білдіре аласыз

0

Ой-пікір білдіргендер

Load Previous Comments