Қожабай Тоқсанбайұлы

 

Қожабай ақын Бала Жездінің бастауындағы Қараадыр қыстағында дүниеге келген. Әкесі Тоқсанбайдың інісі Тайлақбай сыбызғы, сырнайда шебер ойнайтын, әнші, күйші, сауықшыл жігіт болса керек. Оның «Айрауықтың ащы күйі», «Алқакөл сұлама», «Ақтабан-шұбырынды»деген күйлері ел арасында сақталған.
Жасынан көңілінде тоқылып, көкірегінде жатталған Тайлақбайдың күйлері себеп болды ма, әлде өнерпаз әкелерінен қанмен берілген қасиет пе, Қожабай он жасынан бастап өнерге бейім болады. Ол күйші, сауықшыл Тайлақбайдың қасына еріп ойын-тойларды тамашалайды. Сол кезде ел арасында жиі өткізілетін ат жарысы, балуан күресі, айтыс, күй жарысы сияқты думандарды көзімен көріп, көп дүниені көңіліне түйеді. Ақынның  өлең-жырға деген әуестігі де осы кездерде басталса керек. Ауыл-аймақта болатын ұсақ сөз қағыстыруларға қатысып, бала Қожабай сөз бәсекесінде шыңдалып, шыныға түседі. Ағасы Тайлақбайдың күйлерінен қуат алып, күй тартып, ән айтуға машықтанады.
Осылай өнердің естігіне енгенімен, Қожабай үшін өмірдің есігі еркін ашылмайды. Ақын 13 жасқа келгенде қалың нөсерден кейін жайлаудағы үйіне жай түсіп, Тоқсанбай мен Тайлақбай мерт болады. Бұл сұмдықты көзімен көрген анасы Ханым ауыр дертке шалдығады. Осының бәрі балаға ауыр тиіп, бар ауыртпалық енді өз мойнында қалады.
Бойына Қазантүбек салық салдық,
Шешем ауру болған соң елден қалдық.
Әкем, ағам өлді, үй өртенді, өзім жұртта,
Сондай-ақ біз құдайдың несін алдық,-деп алғашқы жырларын ашынып, тағдырға өкпелеп бастайды.   Қожабайдың Әлменбет болысқа барып жалданатыны да осы оқиғадан кейін. Әу баста Қожабайдың ақындығынан хабардар болған Әлменбет оны өзі сияқты байлардың «шашбауын» көтеру үшін пайдаланғысы да келеді. Бай-болыстардың әділетсіздігін, әлімжеттігін көріп отырған ақын бала азулылардың алдында айылын жимай, өжеттігін танытады. Оның:
Мысық жолдас бола алмас тышқанменен,
Өлсең де ауыл болма дұшпанменен.
Байлығына, мансабына табындырма,
Онда жоқ құрбы-құрдас, дос-жар деген,-деп келетін өлең жолдары Қожабай есімін танымал етеді.
Ақын «Кедейлік, мен не жаздым, көзіңді ашпа,» деген өлеңінде еркіне жібермей, қолбайлау болған, жүндей сабап, артынан бір қалмай қойған кедейлігіне арланса, қадірсіз байларға бас ұрмайды.
Кедейлік, мен не жаздым, көзіңді ашпа,
Жоқ па еді еш танысың менен басқа.
Қалмайсың қысы-жазы қыр соңымнан,
Мұқтаж қып, киер ішер асқа,-деген жолдардан қиындыққа бой алдырып, мойынұсынып кетушілік емес, керісінше, сол қиындықпен тайталас, шама-шарқынша байқалады. 
Там-мұмдап жеткен осы өлеңдерінің қайсысын алсақ та қаймығу жалтақтау, жалыныш жоқ, керісінше, өткір, өжет, еш нәрседен тайсалмайтын ақынның қайсарлығы танылады. Қожабай осы қайсарлығын үш баласы бірдей шешектен қайтқанда да жәбірін, тепірешін көп көрген Қожабай ақысын жеген байдан тайсалмай, басбауырлығын, балаларының жаназасына да келмеген қатыгездігін аямай бетіне басады:
Әлменбет, құлағың сал, бермен қара,
Өзіңдей адам еді өлген бала.
Өңкиіп болыс болып отырмассың,
Болуың сенің де оңай ертең мола.
Болысым көңілің бірдей аспанменен,
Шіркін-ау, өлмеймісің асқанменен.
Қарынбай дүниеқоңыз ол да өлген,
Бауырына бар байлықты басқанменен.-деп айтқан екен.
Көзі ашық, көкірегі ояу Қожабай ақын ауыз әдебиеті дәстүрлерінен үлгі ала отырып, жазба әдебиетінің қыр-сырына да ден қойды. Ол шығыстың классикалық әдебиетінен кеңінен сусындап, өз жырларында сөзді талғап қолданып, сұлу сөздің философиялық ойлармен өріліп, жымдасып, біртұтас дүниеге айналуына зер салды.
Қожабай ақынның айтыс өнерінде де өзіндік қолтаңбасы қалды. Ақынның бізге жеткені-Құтума, Есенбаймен айтыстары. Ал Тоғанбай қажы Құлманұлы «Жыр тұйғыны» деген еңбегінде ақынның «Салихақызбен», «Бозторғайқызбен» айтыстары болғанын айтады. Өкініштісі, бұл айтыстардың мәтіні сақталмаған.
Оның өз заманының айтулы ақындарының бірі Құлтумамен айтысуының өзі-тарихи оқиға. Құлтуманың Аққошқар Сейдалының асында тоғыз күнде он сегіз ақынды жеңгені туралы ел арасында әңгіме бар. Ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша ақын Атбасар дуанындағы әйгілі жәрмеңкеде жыр толғап отырған Құлтумаға төтеден келіп:
Сыртыңнан естіп бұрын, Құлтума аға,
Ежелден жасың үлкен алтын жаға.
Сіз дағы биіктегі асқар таусыз,
Құйса да таусылмайтын қарлы саба,-деп жыр ошағын өзі тұтады.
Тыңнан түрен тартып, тынышын бұза келген ақын жігітті Құлтума да ұната қоймай:
Найман да-Орта жүздің бір баласы,
Ешкімнің Құлтумаға жоқ таласы,
Сен жігіт тәлкегің бе,неғып жүрсің?
Сөз айтпас Найман түгіл үш алашың,- деп іліп тастайды.
Ру сұрасып, жете танысқан соң екі ақын өз елінің игі жақсыларын мадақтап, қарсыларының кемшіліктерін бетке басады. Өз кезегінде Қожабай қарап қалмай, айтыс дәстүріне сай іргелі рудан шыққанын, Сандыбай батырдың тумасы екенін тілге тиек етеді. Ақын Қоқан ханы шапқанда Құлтума елін осы Сандыбай батыр құтқарғаны жөніндегі тарихи шындықты құлаққағыс етеді. Құлтуманың Ерденге қатысты айтқандары шымбайына тиген ақын сөзден тосылмай:
Бақытты батырларға тәңірім берген,
Ерденді өзіңнің де көзің көрген.
Үш сайлау аға сұлтан болғаныңда,
Үш жүздің баласынан сайлау келген,-деп тарихи оқиғаларды бір жолдың бойына тізе салады. 
Қожабай ақынның суырып салмалық қасиеті мен жөпелдемеде сөз тауып айтқыш шапшаңдығы Есенбаймен айтысынан да анық көрінеді. Екі ақынның айтысы өз руларын дәріптеуден басталып, Ерденнің өліміне қатысты даулы мәселеге ұласады. Қос ақынның сөздерінің салмағын саралап, айтыстың барысын бағамдап отырған Абай осы айтысқа төрелік айтып, Қожабайдың жеңгенін айтып, тоқтатады. Ұлы ақынның билік айтуы, айтыстың талап, деңгейінен де хабардар етеді. Абай мен Қожабай арасында рухани, адами байланыстың да болғанын әр деректерден кездестіріп қаламыз.
«Қожабай екі ғасыр тоғысында ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті арасынан шыққан өзгеше бітімді поэзияның өкілі, басқаша айтқанда ескінің соңы, жаңаның басы. Оның ақындық жолына Абай мектебінің әсері үлкен»-дейді Берік Жүсіпов.
Қысқасы, Қожабай Тоқсанбайұлы-қазақ әдебиетінің тарихында өнерпаздық қасиеттерімен, ақындық қуатымен айрықшаланған, халқымыздың белгілі бір кезеңдегі рухани өміріне өз тарапынан игілікті ықпал жасай алған, соңында сырлы өлеңдері мен салиқалы айтыстары қалған шығармашылық тұлға. Демек, Қожабай Тоқсанбайұлының әдеби мұралары қазақ поэзиясының тарихында өзіндік орнымен ерекшеленеді. Ерекешелігі мен құндылығы оның сан қатарлы мазмұнда, көркемдік қасиетінде деп танимыз.

Өз ой-пікіріңізді білдіріңіз

Сіз қонақ ретінде ой-пікір білдіре аласыз

0 / 300 Character restriction
Your text should be less than 300 characters
  • Пікір білдіргендер жоқ