« Ана деп көркем жыр төккен,

Армысың, ару, нұр көктем!»

( Салтанатты кештің сценарийі)

 

Өтетін орны: С.Сейфуллин атындағы кітапхана. Мәжіліс залы.

Кітап көрмесі: Қыз – қызғалдақ, әйел – шырақ, ана –нұр!

 

 Фанфары ойналады. Жүргізуші шығады.

Жүргізуші:      Шуақты көктем келді гүлін алып,

                        Көктемнің мерекесі бүгін анық.

                        Өмірдің көктемі де, гүлі – Аналар,

                        Ана деп бас иеді бүкіл халық.

 

                        Біз ғана емес, қадір тұтқан бабалар,       

                         Аналардан туған небір адамдар.

                         Ана деген тіршіліктің тірегі,

                         Армысыздар, қасиетті аналар!

 Жүргізуші:Армысыздар,  аяулы аналар, ардақты әжелер, ұлағатты  ұстаздар, қылықты қыздар! Міне, жыл аралатып көктемнің алғашқы күндерімен келетін 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Жер бетіндегі тіршіліктің өзегін келешекке жалғаған, өсер ұрпағына құндақтағы шағынан ізгіліктің дәнін еккен аналар мерекесі бұл.

Жүргізуші:Көктемнің шуақты күндерімен қатар келіп жатқан төл мерекелеріңіз құтты болсын! Осынау көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, аналарға деген  ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар - өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Олай болса, « Ана» деп көркем жыр төккен, Армысың, ару, нұр көктем!» атты салтанатты кешімізге қош келдіңіздер.                     

 

Жүргізуші: Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар мен нәзік жанды қыздар қауымының төл мерекесінің алғашқы құттықтау сөз кезегі Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Капкеева Шәрипа Құрманқызына беріледі. (Фанфары)

Жүргізуші:    Аяулысың, ауылымның асылдары,

                        Жайнасын көңілдердің жасыл бағы.

                        Сіздер үшін ән менен күй, өлең мен би,

                        Сіздер үшін мереке шашулары.

Бүгінгі айтылатын ақ тілек, жылы сөз, күмбірлеген күй, шырқалатын ән сіздерге арналмақ.

Ортада №8 қазақ гимназиясының 7,8 сынып оқушылары Әлкенова Толғанай мен Алтынайдың орындауында  «Анашым» әні . ( видео 8 наурыз)

 

 Жүргізуші:   Көз керек – ананың өнерін, парасатын көруге,

                         Көз керек – арудың, әйелдің, ананың сұлулығын көруге,

                         Көз керек – ұйқысыз түндер мен уайымды күндер салған,

әжімдердің сырын ұғуға, мейірім мен жылылыққа толы ана алақанындағы ықыласты қолымен ұстап сезінуге, Көз керек – бесік жыры мен ана әлдиінің құдіретін толық біліп ұғынуға.                                                                                       Сіздерге деген ыстық лебіздерімен Жезқазған музыкалық колледжінің студенттері Каменов Жанболат, Ерназар Саят, Зауытқалиев Арман                                  келіп отыр. Қарсы алыңыздар. (футаж мәтінмен)

 

Жүргізуші:Ұлы Абайдың «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген сөзі бүгінде ынта мен талапқа, білімге бой алдырған жастарды алдағы күнге шақырған шамшырақ болуы тиіс. Өйткені бүгінгі өмірде сағат сайын өзгерістер туындайтын сияқты адам өмірінде де небір түрлі өзгерістер күн санап, сағат санап пайда болуда. Заман ағысына орай, адамдар дәл осы кезеңге сай нәрсені  ғана қабылдауға, білуге құштар. Осындай тың ақпараттарды іздейтін жерлері – кітапханалар. Заманауи ақпараттардың ошағы – кітапханалар болса, ал, кітапханашылар – мамандардың маманы.

Жүргізуші:Кітапханашылардың жұмысы көзге көріне бермейтін ағысы баяу, терең өзен секілді. Кітаптың құдіреттілігін терең түсіне білген жан ғана осы рухани ордада қызмет атқара алады. Олай болса, сіздердің қызық та қиын еңбектеріңізге алғысымызды білдіріп, кітапхана қызметкерлерін марапаттау рәсімін бастаймыз. Ортаға Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Капкеева Шәрипа Құрманқызын шақырамыз.

Кітапхана қызметкерлерін марапаттау ( слайд көрсету)

1.Ойы зерек, қиялы жүйрік,кітапхана ісін дамытудағы оқырмандардың рухани байлығын арттыруға қажырлы еңбек жасап жүрген кітапханашы.

( Игібаева Тілектес Молдағалиқызы)

2. Кітапхана саласының есепшілік бөлімінде ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарып келеді. Әріптестер арасында сыйлы, жұмысына адал қызметкерлердің бірі.

( Жарасбаева Гүлмира Ахметжанқызы)

4. Кәсіби шеберлігін жаңашыл жақтарымен толықтырып отыратын ізденгіш кітапханашы ретінде әр оқырманның жүрегіне жол тауып жүрген жайсаң жан.

( Смайлова Қаршыға Әбдіғаппарқызы  )

5.Кітапханаға келген әр жас оқырманға білім шуағымен қатар, көңіл шуағын шашып, мейірімді жүзімен өзіне бірден баурап алатын, инабатты, білікті, еңбекқор маман.

( Шортанбаева Рымкүл Бектұрсынқызы)

6. Компьютерде әртүрлі бағдарламалармен жұмыс жүргізудің әдіс – тәсілдерін іс жүзінде үнемі қолданып, кітапхана саласында инновациялық үрдістерді жүзеге асырудың шебері.

( Өтебаева Айнұр Тұрсынбекқызы)

7.Оқырмандардың таным-талғамына, қызығушылығына, сұранысына сәйкес тиімді қызмет көрсететін әріптесіміз. Кітапхананың игілікті істерін қоғамға әрдайым қажет екенін насихаттаушы маман.

( Сексенбаева Динара Мақсұтқызы)

8.Жаңа технологияның озық үлгілерін енгізу мақсатында кітап қорына түскен жаңа кітаптарды «РАБИС» бағдарламасына енгізуде өз үлесін қосуда. Әртүрлі іс-шараларда белсенділік танытып жүрген жас мамандарымыздың бірі.

( Құрманбаева Гүлсара Бақытқызы)

Марапатқа ие болған әріптестеріміздің құрметіне Қ.И.Сәтбаев атындағы №7 мектеп лицейінің 9 сынып оқушысы Абдиашимұлы Айбектің орындауында « Ана туралы жыр». (видео 8 наурыз)

1 Жүргізуші:Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Ойы зерек, қиялы жүйрік, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған, ой-өрісі кең, жан-жақты білімді, парасатты кітапханашылар арамызда баршылық.

Жүргізуші: Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір – ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт- бағдар алуы үшін   жан- тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз.Кітапханашы үшін нұрлы да шуақты орта – кітапхана болса, әйел- ана ретіндегі алтын діңгегі – қара шаңырағы.

 

Назарларыңызға « Ана деген бәйтерегі өмірдің» атты бейнероликті ұсынамыз.

Жүргізуші:

Сізге арналады бүгінгі ұлы ісіміз,                                                     Ардақтайтын, мақтанатын кезіміз.                                                                                      Тәрбиелі ұл-қыздарды өсірген,                                                                             Ұлы ұстаз – ана мына отырған өзіңіз.

Алдарыңызда №8 қазақ гимназиясының оқушысы Ерлан Жантөре. Орындайтын әні: «Абзал ана».  (видео 8 наурыз)

Жүргізуші:

Аяулы да ардақты, асыл жанды аналар, ару қыздар  келесі ақтарылар жыр шумақтары сіздердің құрметтеріңізге арналады.Алдарыңызда Жезқазған музыкалық колледжінің студенті  Қожамбекова Ақерке, С.Сейфуллин атындағы кітапхананың қызметкері Құрманбаева Гүлсара.  ( футаж мәтінмен)

 

 

 

Жүргізуші:

Көңілің Алатаудың ақ қарындай,                                                                                                                                                        Мейірімің  күннің шуақ шақтарындай.                                                                                                                        Қалайша аяулы ана тына алармын,                                                                                                                                                     Ән болып сағыныштан ақтарылмай.                                                                                                                            

Ана құдіретін жырмен өрнектеп, әнмен әлпештеп, сөзбен айтып тауысу мүмкін емес.  

Қ.И.Сәтбаев атындағы №7 мектеп лицейінің 7 сынып оқушылары Хамит Нұрлыбек пен Мейрамова Ділназ « Жан анашым» әнін орындайды. ( видео 8 наурыз)

 

 

Жүргізуші:

 

Бір өзіңнен бастап өмір жолдарын,

Жүрегіңе,жүрегімді жалғадым.

Өзің мына сыйға берген өмірде

Ақ сүтіңді ақтап өту-арманым.

 

Барша ана, құтты болсын мерекеңіз

Әрқашанда ана сізбен берекеміз.

Ақтасақ ақ сүтіңді,асыл анам.

Сонда біз кісілікке теңесеміз.

Кешімізді аяқтай келе, баласын сүйген ананың көз жасы тамбасын дегіміз келеді. Ана  жүрегінің қалауы – әлемде бейбір күн болуы! Қолымызды жүрегімізге қойып, барша аналарға бас иеміз! Келесі кездескенше, аман сау болыңыздар.