«Жұлдызы еді, поэзия көгінің...»

(М. Мақатаев – 85 ж)

шығармашылық алаң

Мақсаты :

1.Оқырмандарға  ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өмірімен, шығармашылығымен  кеңірек таныстыру.

2. Ақынның сөзіне  жазылған әндерді оқушылардың назарына ұсыну.

3.Оқырмандарды Отанын, елін, жерін сүюге, өлеңді бағалауға, қадірлеуге тәрбиелеу.

Көрнекілік: М.Мақатаевтың портреті, өлеңдер жинақтары, нақыл сөздер.

Кітапханашы:  Қош келдіңіздер, құрметті қонақтар, ұстаздар және  оқушылар!

Жыр дүлділі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына арналған «Жұлдызы еді, поэзия көгінің...» атты  шығармашылық алаңды бастауға рұқсат етіңіздер.

Бүгінгі кешіміздің құрметті қонақтарын таныстырып  өтейік.

-Ермек Асқарова №13 мектептің қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі.

-                                                                                                                             

Кітапханашы:

 Қуат алып Абайдың тіл-күшінен,

Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.

Абай болып табынсам бір кісіге,

Абай болып түңілем бір кісіден.

Өлмеу үшін,  құлқынды жемдеу үшін,

Мен-дағы өлең жазбаймын ермек үшін.

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін,

Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін, - деп Абайды үлгі тұтытып, сөз құдіретін, сөз сарасын ақындық сезіммен қабылдап, өзі қазақ поэзиясында Абай салған соны соқпақ жолды жалғастырған Мұқағали Мақатаев қазақтың қара өлеңін ой мен сезімге байытып, оның құдіреттілігін таныта білді. Қазақтың қарапайым қара өлеңінің құпиясын ашу тау тұлғаны ақынның табиғи талантының құдіретінен болса керек.

Кітапханашы:  Иә, бір күндік сәуледей ағып өткен қысқа ғұмырында қазақтың ұлы ақыны М.Мақатаев ұрпақтарына ұлан-ғайыр мұра қалдырып кетті.

Енді ақынның туған күнінің 85 жылдық құрметіне арнап дайындаған «Жұлдызы еді, поэзия көгінің...» атты шығармашылық бастауға рұқсат етіңіздер! Аламан бәйгеде оза шауып, өлең-жырда шашасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік, талантты тұлға – Мұқағалидың өмір жолы әр алуан. Оны біріміз білсек, біріміз білмейміз, енді бір сәт  оның өмірінен  деректерге  жүгінейік. (Мұқағали Мақатаевтың өмірбаяны.)

1-жүргізуші:

Үй тұрар шумақтарын қойсақ қалап,

Өлеңдері өзендей жайсан ғажап.

Қайта туған ұлыңды қарсы ал, қазақ!

Шетінен өлең-жыры шұғылалы,

Әр қыры әр түске еніп құбылады.

«Зертте мені» деп еді, Мұқаңды біз

Түсініп болған жоқпыз ұғып әлі – деп ақын жырлағандай Мұқағали Мақатаев өлеңі мен өмірі біз үшін үлкен өнеге, тауысылмайтын кен – байлық, әлі де зерттеп  тексеруді керек етіп тұр.

2-жүргізуші:

Әлем дархан, саялаңдар,

Бәріңе де орын бар.

Қорған емес, салтанатты,

Сәнді сарай соғындар.

Ей, адамдар, сендер тату,

Сендер тату болыңдар! – деп жырлап өткен ақын Мұқағали Мақатаев 1931 жылы  Алматы облысының Нарынқол ауданында дүниеге келген. Тума дарын Мұқағалидың өмір мектебі Қарасазда басталып,  өзі сүйген Алматыда аяқталған еді.

1-жүргізуші:  «Мені жырға, сөзге үйреткен, халықты сүюге  тәрбиелеген – әжем» дейді ақын. Рас, көбіне әжесінің тәрбиесінде өсті.

          Мұқағали  - драматург, сатирик, публицист, жазушы, ұстаз, журналист. Оның «Армысындар достар», «Қарлығашым, келдің бе?», «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Өмір дастан», «Өмір өзен» т.б. көптеген өлеңдер жинағы бар.

2-жүргізуші:   

Бүгін менің туған күнім,

Ой, бәлі-ай!

Мына адамдар неге жатыр толамай,

Банкет жасап берер едім өзім-ақ ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай –деп жырлағандай биыл атамыз 85 жасқа  толды.

          Атамыздың әрбір өлеңін оқи отыра , үлкен әсер алып, керемет бір сезім бойыңды кернеп, таңғажайып әлем дүниесіне еніп жырлағанын бәріміз жақсы білеміз. Кезекті жыр шумақтарына берсек.

Өлең оқу:                                                                                                               

1-жүргізуші:  Ақындықпен айналысқан 30 ішінде көзімен көргендерін, ақындық санамен түйсінгендерін қазақтың қара өлең үлгісімен төгілтіп жырлай берді, жырлай берді. Туған жерге, туған елге, халқына, Отанына деген махаббат сезімі- ақын ретінде оның басты тақырыбы еді. Өзінің ұлтын, туған тілін ерекше құрметтеген ақын:

«Қара өлеңі қазақтың қаза болса,

Қара көзден неге қан ағызбайын?!» - деп жырлады.

Ақынның осы тақырыпқа арналған бір топ өлеңдеріне кезек береміз.

Өлең оқу:                                                                                                               

2-жүргізуші:  Мұқағали атамыз «Менің қымбатты достарым!» Мені  өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем. Естеріңде болсын: менің өлеңім жеке тұрғанда түк те емес. Біріктіріп қарағанда ол поэма іспетті.

1-жүргізуші: Классик ақынның  батыр бабасы  Райымбек батырға арнаған «Райымбек,Райымбек!» дастанының шоқтығы биік. Ендеше дастаннан  үзінді көрністі тамашалайық.

Көрніс:

2-жүргізуші:  «Мұқағали жырлары – ел-жұртының қасаңдатып бара жатқан жан әлемін сәуле-шуағымен әрлендірер, қуат берер күші болып отырғаны шындық» деп Фариза Оңғарсынова айтқандай ақын өлеңдері әр жүрекке нұр құяды.

          Жазылар естеліктер мен туралы,

Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.

Біреулер тұлпар еді деуі де мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.

Иә, естеліктер де жазылуда, зерттеулер, пікірлер, дастандар жазылып, лебіздер де айтылуда.

          Поэзия! Менімен егіз бе едің?

Мен сені сезесің бе неге іздедім? – деп поэзиямен егіз жаратылған ақын кие жырдың шапағатына бөлене білді.

Талай түскен ақын жаны  талқыға,

Сөйтіп жүріп сыр ақтарған халқына.

Мұқағали тек қана ақын болатын

Сауысқандар атанғанда «Қаршыға».

Тірлігінде шекпен кимей, шен алмай,

Еңбегінің қызығын да көре алмай,

От боп жанып өтіп кеткен ақынға

Мәңгілік  қып өмір берген өлеңді –ай!

Өлең оқу:                                                                                                               

1-жүргізуші: «Әрбір өлеңі ән сұрап тұрады» деп айтылғандай тағы да бір кезекті әнге берсек.

Ән:                                                                                                                         

2-жүргізуші: Иә, атамыз  өмірінің соңына дейін өлең жазумен айналысты, күнделік, проза да жазды.

1-жүргізуші:

Бабаларым,

Рахмет сендерге!

Балаларым болмасын деп көр кеуде,

Қобызыңмен қосып ән мен күй бердің,

Өмірге мен мылқау болып енгенде,

Бабаларым, рахмет сендерге!

Жыраулардың жазбай кеткен жырларын,

Арулардың айтпай кеткен сырларын,

Қорқытыңның қорқынышты мүң, зарын,

Қобызыңның шанағынан тыңдадым.

Менің мына қайта туған күнімде,

Сөйле оркестр, дүрілде бір дүрілде.

Сөйле , Моцарт , менің ана тілімде,

Сөйле , Данте, менің ана  тілімде.

2-жүргізуші:

Лай су шаймайтын арым бар,

Дауылдан қорықпас жаным бар.

Мұқағали Мақатев халқын сүйді, халық ақынды сүйді.

«Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім, - деген еді атамыз. Мұқағалидың өлеңдері де өзі де ешқашан өлмек емес. Мұқағали Мақатаев мәңгі тірі.

Кітапханашы:  Көрмеге шолу.

Кітапханашы: - Табиғаттың тебіренген, қуанған шағының перзенті-ақын десек, сол перзенттің иесі де , іздеушісі де – оның халқы. Халқы аманда ақынға өлім жоқ.

          Мұқағали ерте  өліммен емес, жырдағы ерекшелігімен, түп-тұтас дара талантымен, ақындықтағы қыран қимылымен жыр дүниесінде біздің есімізде мәңгі сақталмақ!

Бүгінгі іс-шараға қатысқан ұстаз апайымыз Ермек Асқарова, көрніске қатысқан басты рольді сомдаған оқырманды                                                                            марапаттауға рұқсат етіңіздер.

Біз осымен ақын құрметіне арналған кешімізді тәмамдаймыз, келесі кездескенше! Қош, сау  болыңыздар!