«Елдік пен еркіндіктің жыршысы»

тағылым алаңының сценарийі

 Бір ел – бір кітап акциясы

 Дулат Бабатайұлының «Өсиетнама» кітабы

Өтетін орны: С.Сейфуллин атындағы кітапхана, мәжіліс залы

Уақыты: 24 қараша, сағ. 15:00

Мақсаты: оқырман қауымына қазақ жырының дүлдүлі Дулат Бабатайұлының өз кезеңіндегі әлеуметтік және тәрбиелік мәні зор мәселелерді арқау етіп, туған елге, өскен жерге деген перзенттік шынайы сезімін паш ететін шығармаларын таныстыру. Қазақ халқының төл әдебиетін, мәдениетін құрметтеуге баулып, ақынның лирикалық өлеңдерін, толғаулары мен дастандарын насихаттау.

Көрнекілігі: «Дуалы ауызды - Дулат ақын» кітап көрмесі

Іс-шара Дулат Бабатайұлының «Айтқызбасымды айтқыздың» өлеңімен басталады: (әуен ырғағында оқылады)

Менің атым – Байғыз қарт,
Көзге түсер сиқым жоқ,
Орынсыз күлер күлкім жоқ,
Есепсіз ұйықтар ұйқым жоқ.
Көзге қораш бойым бар,
Теңізден терен ойым бар,
Шынардан биік санам бар,
Атан өгіз ағызған
Ақылдан алпыс салам бар.
Қорған құрыш сөзім бар,
Бұлттан өтіп, мұнарды
Болжайтұғын көзім бар...
Қайратымнан атым зор
Белгілі атым әлемге.
Қорашсынсаң денемді,
Кеудем – ақыл сарайы,
Кірем десең, кел, міне,!

  

Фанфары ойналады. 2 Жүргізуші шығады

Жүргізуші 1:  Армысыздар текті халықтың айбынды ұрпақтары!

Жүргізуші 2:  Қайырлы күн қазақ елі!!

Жүргізуші 1:  Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен жүзеге асқан «Бір ел – бір кітап» акциясы  халқымыздың рухани байлығына, халықтың игілігіне айналды.

Жүргізуші 2:  2016 жылы қазақстандықтар қазақ даласында отарлау саясаты күшейген кезеңдегі тегеурінді көріп, күңіренген зар заман дәуірінің бас ақындарының бірі  Дулат Бабатайұлының «Өсиетнама» атты жыр жинағын оқуда.

Жүргізуші 1: Шоқтай жанған шоқтықты жырларымен өз заманының шежіресіне айналған, екі жақты езгіге түсіп, етегі  көз жасына көл бөп толған қайғылы халқын уатып, санасына сәуле сеуіп, қуат дарытқан, нөсердей сорғалаған сезімді жырларымен шаршамай, шалдықпай бүгінге жеткен, шашасына шаң жұқпас жыр сәйгүлігі – Дулат Бабатайұлына арналған «Елдік пен еркіндіктің жыршысы» атты тағылым алаңына қош келдіңіздер!

 Жүргізуші 2:                                                                                                                                   

Шынардан биік санам бар,
Ақылдан алпыс салам бар,
Қорған құрыш сөзім бар.
Жырымды менің тыңдаған!

Жүргізуші 1: 
Сөз ұғатын соңғы адам,
Шыңдаудан әсте тынбаған,
Сарқырап аққан жылғадан,
Жыр арнасы суатпын .

Жүргізуші 2:   Өн бойында қазақтың сахара даласындай кеңдік, асқаралы тауларындай биіктік, жер ананың төсін жарып шыққан тас бұлақтың суындай мөлдірлік, алдаспанындай айбарлы ерлік, сөз сыңғырын сезінтер сұлу саз үйлесімді тоғысқан Дулат Бабатайұлына арналған тағылым алаңының қадірлі қонақтарымен таныс болайық:

1. Түсіпова Торғын Бекенқызы - №1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

2. Оразбекова Алмагүл Тынымбайқызы – Жезқазған музыкалық колледжінің оқытушысы, кітапханатану мамандығының студенттерімен келіп отыр.

                                                                                                                      

Жүргізуші 1:                                                                                                                   

Өтсе де жылдар, ғасырлар,
Ұмытылмақ емес асылдар.
Ел үшін кешкен азапты,
Бабалық ойда жасын бар.

Жүргізуші 2:                                                                                                                                                                    Көк байрағым желбірейді əуеде,
Сенің рухың бізбен бірге кемеде.
Ақыл-ойдың дариясы, жан ата,
Ұрпағыңмен сен де бүгін мəуеле.

Жүргізуші 1: «Не деген бақытты едің келер ұрпақ» деп,  ХХ ғасырдағы қазақ өлеңінің хас шебері Қасым Аманжолов жырлағандай, тәу етер тәуелсіздігін алған тұстағы қазақ жұртының ұл менен қызы бақытты. Олай дейтініміз: білектің күші, найзаның ұшымен келіп, Абылай хан,  Дулаттай арынды ақындарымыз арман еткен тәуелсіз, еркін елдікке қол жеткіздік. Еркін елдің жастары, №1 орта мектебінің оқушылары  Нұрмаханов Біржан мен Нұрахмет Мейрамды  ортаға шақырайық.

Дулат Бабатайұлына Арнау ( Жарық жұлдыз, Арнау )

Жүргізуші 2: Уақыт көші ұзаған сайын заманалар белесінде өзінің заңғар ойымен, дарын даралығымен, табиғи талантымен, семсер сезімімен халық жүрегінде сақталған тұлғалардың тұғыры биіктей берері сөзсіз. Дулат Бабатайұлының шығармашылығы жайлы елімізге белгілі тіл мамандарының  пікірін тыңдалық. (бейнеролик)

Жүргізуші 1: « Толғау, қысқасын айтқанда, іш қазандай  қайнаған уақытта шығатын жүректің лебі, көңіл құсының сайрауы, жанның тартатын күйі»- дейді Ахмет Байтұрсынов.

Жүргізуші 2: Кезекті Жәнібектің толғауына  берелік. Жезқазған музыкалық колледжінің студенті Сыздықов Жандосты қарсы алайық.                                                                                                              

                

                                                                                                                                                                                               Жүргізуші 1: Дулат жыраудың қазақ әдебиетінде өз биігінде танылуына, оны бүгінгі ұрпаққа қауыштыруда өлшеусіз еңбек ететін, олар - тәлім мен тәрбиенің бастау бұлағы – білім беру ошақтарындағы ұстаздар. Сахнаға бүгінгі іс-шарамыздың қонағы, №1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Түсіпова Торғын Бекенқызын шақырамыз.      

Жүргізуші 2: Тәлім мен тәрбиенің арнасын өзге түгіл, өзіміз  түсініп болмас жасандылықтан арылтып, оның есесін төл табиғатымыздан, тарихымыздан тауып толықтыру – көзі ашық әр адамның парызы емес, қарызы. Елдің, ұлттың болашағы алдындағы міндеті. Сізге тағылымы мол әңгімеңіз үшін рахметімізді айтамыз.

Жүргізуші :

«Ақ жауын» «Алатауға» нәрлі жауын,  «Аңшының зары» емес пе, ал мынау  Құрса егер күй керуен  «Той бастар» топты жарып «Балбырауын».

Күй: « Балбырауын». Орындайтындар: Жезқазған музыкалық колледжінің студенттері Жайлыбай Азиз бен Сайдалина Динара.
                                                                             

Жүргізуші 1: Ақынның өлең - жырларының басты сарыны - ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы отаршылдық әрекеттерге рухани қарсылық көрсету.
Батырлықты, елдікті, адамгершілікті, ерлікті дәріптейді.

 Жүргізуші 2:Дулат – шебер суреткер. Мазмұнының терең мәнділігімен, адам портретін берудегі сатиралық шеберлігімен ерекшеленетін арнау өлеңдерін оқу үшін сахнаға  №1 орта мектебінің оқушылары Бөлекбаева Жанар,  Жүрсін Айғаным,  Сайлауова Аружанды шақырамыз.

Жүргізуші 1: Табиғаттың тебіренген, қуанған шағының перзенті - әнші десек, сол перзенттің иесі де, іздеушісі де - халқы.

Жүргізуші 2: «Ән көңілдің ажары десек» кәусар сезім мен тояттамас көңіл, шалқыған шаттық пен мұңға тұнған махаббат, буырқанған шабыт пен сабырға көнбес сағынышты да осы әннен табасыз. Олай болса, сахнаға Жезқазған музыкалық колледжінің студенті Мақсұтов Мадиярды шақырайық. Халық әні: «Баянауыл».    

     

Жүргізуші 1: Дулат Бабатайұлы шығармаларының ішіндегі шоқтығы биік туындыларының қатарында « Еспембет»  дастаны ерекше орын алады. Поэманың бас кейіпкері Еспембет  - Абылайдың атақты батырларының бірі, тарихи тұлға.

Жүргізуші 2: Дулат қазақ әдебиеті тарихында алғаш мысал жазған ақын. Оның мысал ретінде жазған шығармалары үлгі, өнеге беру, ақыл айту ретінде келіп отырады. Атап айтқанда, «Бір патшаның бір кезде», «Шымшық пен бөдене», «Сары шымшық», «Қара қарға жем тілеп» деген өлеңдерінде орынсыз мақтаншақтықты, тойымсыздықты әшкерелеп, кішіпейілділікті, адамгершілікті, бірлікті уағыздайды. Адам бойындағы асыл қасиеттерді ардақтаған ақынның мысал өлеңдерінің тәрбиелік мәні бүгінге дейін жойылған жоқ.

Жүргізуші 1: Қарап отырсақ, Дулат өлеңдерінің қай тұсы болса да, ұлағатқа меңзейтін нақыл сөз бен ой түйіндерінен тұрады. Оның өлеңдерінен жасанды, жалаң шумақ түгіл, артық бір сөз табу қиын.

Жүргізуші 2: Жыр әлеміне енген сайын туралықтың тұғырынан таймаған тұлпар  - өнерпаздың терең толғамдарына тұшынасыз. Зердеге зерлі сөздің сырт әсемдігі мен ішкі иірімдері жымдаса бірігіп, ене түскенін бағамдайсыз, өлең - өнердің еркіне бағынасыз. Шәрбат – жырдың тұнығын жайқамай, жұта бергіңіз келеді. Ойы тұнық, сөзі асыл Дулат Бабатайұлының өлеңдерін  №1 орта мектебінің оқушылары Тасқараева Балжан, Әбдікәрім  Айкүміс, Шоқан Кәмила оқиды.

Жүргізуші 1: Алмас қанжар қын түбінде жатпайтынын, саф алтынды тот баспайтынын әділ тарих тағы бір дәлелдеп берді. Тәуелсіздік алған елдің есті ұрпағы жоғалтқанын іздегенде, алдымен сол асылдарына асықты. Оның дәлелі, ғалымдардың, ізденушілердің, ойлы оқырманның  кешегіні қайта парақтауға деген ынтасы күннен-күнге артып отыр.

Жүргізуші 2: Кеудесіне қайғы толған жыр сәйгүлігінің тынысын кеңейтетін, оған күш-қуат беретін арна – халқының бастан кешкен бейбіт кезеңдегі берекелі тірлігі, одан кейінгі уақыттарда майысса да сынбаған, жіңіркерсе де үзілмеген зиялы, зиятты дәстүрі.

Ән: « Туған жер», орындайтын Жезқазған музыкалық колледжінің студенті Әліп Дәулет.

 

 

Жүргізуші 1: «Адам дүниеге тек қана келіп, әшейін ғана аттана бермейді. Ол артында ой қалдырады, ойдан мұра қалдырады» - дейді,  Баубек Бұлқышев. Осы іс-шара аясында, ұлттық рухтың ұлы жыршысы Дулат Бабатайұлына арналған «Дуалы ауызды – Дулат ақын» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Дулат жыраудың асыл мұраларын тамашалап, рухани байлыққа кенеліңіз.

Жүргізуші 2: Өмірдің алуан түрлі сырына бойлап, болашақты алыстан болжаған бабамыздың мына сөзін ой көзімен қайта қарап, қабылдар кезең туды:

Есерсоқ өңшең мастары  

Бозақор ойсыз жастары      

Алжыды деп Дулатты 

Келеке етіп күлерсің         

Менің айтқан бұл сөзім,   

Саналы болса ой көзің    

Өлең емес, жыр емес    

Құнсыз сөздің бірі емес,   

Басыңа түссе білерсің.

Жүргізуші 1: Дулат Бабатайұлының шығармаларындағы ойдың тұнық ажары таным мен талғамның биігінен басталады. Ақын сөзінің асыл жарқылы парасат пен пайымның осындай көзінен таралады. Мұндай асқар биіктен басталып, мұндай жарық көзден таралған жыр келер ұрпақ, өсер өркен үшін де ардақты һәм аяулы болып қала бермек. Қорытынды сөз кезегі Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Капкеева Шәрипа Құрманқызына беріледі.

 

Жүргізуші 2: Келесі кездескенше күн нұрлы болсын!

Өз ой-пікіріңізді білдіріңіз

Сіз қонақ ретінде ой-пікір білдіре аласыз

0 / 300 Character restriction
Your text should be less than 300 characters
  • Пікір білдіргендер жоқ