Жезқазған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Сәкен Сейфулиннің 125 жылдығына орай «Өзіңмен сырласады ұрпақтарың» атты апталық аясында «Сәкен – жырдың сарқылмас дариясы» атты жыр мүшәйрасы өтті. Қала жастарының басын қосқан жиынның шымылдығын орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Түгелбаева Ғалия өз құттықтауымен ашты.

Сәкеннің 125 жылдығын кең көлемде атап өтудің мақсаты – қазақтың ақиық ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматургі, мемлекет, қоғам қайраткері есімін ұлықтау ғана емес, оның елін, жерін сүйген ұлы мұратын үлгі ету.

Жезқазған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі 16-35 жас аралығындағы жастар арасында қазақтың біртуар ұлы Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай ұйымдастырған жыр мүшәйрасына қатысуға 15 жас ақын ниет танытты. Тар жол тайғақ кешіп, Алаштың аспанынан ағып түскен жарық жұлдыз Сәкен Сейфуллиннің есімін тебірене жырға қосқан жастарды марапаттау салтанатында «Құрмет» орденінің иегері, «Қаламгерлер» клубының төрағасы Батырбек Мырзабеков сөз алып, жас ақындарға бағыт-бағдар сілтеді.

Мүшәйраның қорытындысы бойынша «Үкілі үміт» номинациясын Төлеубек Аружан , «Шалқар шабыт» номинациясын Асқар Дәулет, «Күміс қалам» номинациясын Толғанай Әжібаева, «Сырлы сөз» номинациясын Шахманов Жансұлтан, «Ұшқыр ой» номинациясын Тағыберген Ақниет иеленді. Жүлделі ІІІ орын Олжабай Мәдиге бұйырса, ІІ орынды Сайдалин Думан қанжығасына байлады. Ораз Абай жүлделі І орынды жеңіп алып, Оралбай Аружан бас жүлдегер атанды.