Биыл қазақтың біртуар ұлы, жаңа қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі, өлмес әдеби, мәдени мұра қалдырған ақын, қазақтың ірі қоғам қайраткері, революционер, жазушы, сазгер, әнші Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толуына орай, Жезқазған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі коммуналдық мемлекеттік мекемесінде апталық өтті. Осыған орай, №2 және №7 үлгілі кітапхана-филиалдары 15-қазанда Сәкен Сейфуллин атындағы қалалық кітапхана ғимаратында «Сәкен тірі! Қазақтай елі барда...» атты поэтикалық әдеби-композиция өткізді. Іс-шараның мақсаты жас ұрпаққа 1937 жылдың қанды қырғынына ұшыраған есіл ердің бірі, ақын және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа үлгі ету, Сәкен поэзиясын, әндерінің құдіреттілігін сезіндіру.

          Сәкен өзінің көзқарасы, іс-әрекеті үшін әрқашанда тарих алдында толық жауап бере алатын ұлы тұлға, социалистік деп аталған заманның ардагер азаматы. Ол еңбекші елдің рухани көсемі, жаңа заманның жыршысы, жаршысы ретінде халық құрметіне бөленді. Сәкеннің «Әпитөк» әнін Кеңгір елді-мекенінің «Өркен» үйірмесінің ақ әжелері тамылжыта орындап берді.

          Сәкеннің үздік туындылары слайд арқылы көрсетіліп, таныстырылды. Отан, туған жер жайлы туындысының бірі – «Көкшетау» поэмасын Кеңгір орта мектебінің 6-сынып оқушысы, Қарағанды облысында өткен «Жас толқын 2019» конкурсының гран-при иегері Нұрдаулет Испандияр тамаша оқыды. Кеңгір елді-мекенінің № 2 мектебінің 6-сынып оқушылары Сабина Асылхан мен Аяулым Қуанышбекқызы да тау тұлғалы ақынның өмірін еске алып, тағы да слайдқа тоқталып өтті.

          Келесі кезекте Сәкен сахнаға шығып, үстелдің үстінде жазу мәшинкесімен ызылдап отырып, әндетіп әрі-бері жүріп, «Тау ішінде» атты туындысын шығарып отырған сәтінен үзінді көрсетілді. Сәкен бейнесін сомдаған Жезқазған қаласының № 11 мектебінің 10-сынып оқушысы Ақсұлтан Адаев болған еді. Сол туындыны өте әдемі, әсерлі орындаған Жезқазған музыкалық колледжінің 4 курс студенті Дамир Мизамбаев көрерменді бір таңқалдырды.

          № 11 мектеп оқушыларының көрсеткен «Сәкеннің абақтыдағы азабы» көрінісі Сәкеннің НКВД түрмесінде көрген азаптаулары ақынды өзіне таңылған жалаға қол қоюға мәжбүр еткен сталиндік зұлым жүйе сүлесоқ, мән-мағынасыз, үмітсіз күйге түскен қажыған адамның дәрменсіз кейпі еді. Жендеттер рөлін сомдаған 9, 10-сынып оқушылары Арнұр Әбіл, Жігер Іргебай және Сәкеннің жары Гүлбахрам рөлін сомдаған Жаннұр Сейтеновалар сол кездегі жағдайды әсерлі көрсете білді. Кеш соңын «Сұңқар Сәкен» жинағына еңген ақын Темірше Сарыбаевтың «Сәкен тірі» деген өлеңімен поэтикалық әдеби-композицияны түйіндеп, барлық қатысушылар сый-сияпатпен марапатталды.