2007 жылдан бастап ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Кітапханашылар қауымдастығының бастамасы бойынша «Бір ел – бір кітап» акциясы өткізіліп келеді. Биыл 2015 жылы қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы мен қазақтың көрнекті жазушысы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығының тұспа-тұс келуіне орай осы шараға  заңғар жазушының «Көшпенділер» атты тарихи романын оқыту белгіленді. С.Сейфуллин атындағы кітапханада «Бір ел – бір кітап» акциясының аясында «Тарихы терең, тағдыры кемел халықпыз» атты тарихи – танымдық кеш ұйымдастырылды. Кешіміздің қадірлі қонақтары: Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханаларды дамыту ісі бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Иссык Ирина Сергеевна,Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өлкетану бөлімінің меңгерушісі Телпекбаева Сандуғаш Орынбайқызы, Н.В.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының кітапханаларды дамыту ісі бөлімінің кітапханашысы Жазыбекова Аяулым Рахманқұлқызы және Сәтбаев қаласының, Ұлытау ауданының кітапханашылары,Қ.И.Сәтбаев атындағы №7 мектеп лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Карбозова Несіпбала Тілеуханқызы,С.Қожамқұлов атындағы қазақ сазды драма театрының әртісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Шоман Әбілқасым Шоманұлы, Жезқазған педагогикалық колледжінің тарих пәнінің оқытушысы Ашманова Бекзат Әбеуқызы, №8 қазақ гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Әуезов Ғабдол Жанділдәұлы, Жезқазған қаласының ішкі саясат бөлімі Жастар бастамалар орталығының басшысы Көпбаев Бақытжан Игенұлы. Тарихи – танымдық кеш «Көшпенділер» фильмінің саундтрегімен ашылып, №8 қазақ гимназиясы оқушыларының сомдаған мәнді көрінісімен жалғасты. Көрнекті жазушы І.Есенберлин атындағы Елордадағы көше туралы және жазушының өз дауысы жазылған, ол туралы қаламгерлер лебізі бар бейнероликтер көпшілік назарына ұсынылды. Тарих саласының мамандары, яғни кешке шақырылған қонақтар көрермендерге «Көшпенділер» тарихи романын бүге шігесіне дейін түсіндіріп, саналы да сапалы сөз қозғады. Кешке қатысушы балалар жазушының «Домбыра», «Қыз арманы», Қ.Мырзәлінің « Ілияс Есенберлин» өлеңін нақышына келтіріп оқып, елжанды әндерді тамылжыта орындады.Аты әлемге мәшһүр жазушы Ілияс Есенберлиннің өмірі мен шығармашылығына арналған « Сеңді бұзған семсер тіл» атты кітап көрмесі  және «Алты Алаштың ардағы» атты виртуальды көрме ұйымдастырылды. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Капкеева Шарипа Құрманқызы білім мен біліктілігімізді, тәлім-тәрбиемізді арттыратын кітап екені даусыз екенін, баршамызға рухани азық беруші кітап оқуға шақыратынын айтып, қатысқан балаларды марапаттап, кешті қорытындылады.